БӘА тұрғыны ұлының болашағын ChatGPT-ге аманат ететін өсиет жазған

/
БӘА тұрғыны ұлының болашағын ChatGPT-ге аманат ететін өсиет жазған

Біріккен Араб Әмірліктерінде тұратын әйел қайтыс болған жағдайда ұлын тәрбиелеуге көмектесу үшін ChatGPT-ді пайдалануды қарастыратын өсиет жобасын әзірлеп жатыр. «Living Wishes Protocol» деп аталатын ұсынысқа сәйкес, жасанды интеллект баланың заңды қамқоршыларына анасының өмірлік ұстанымдарын, құндылықтары мен тәрбиелеу қағидаларын ескере отырып шешім қабылдауға көмектесуі керек, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жоба бойынша әйел ChatGPT-ге өзінің дүниетанымын, бала тәрбиесіне қатысты көзқарасын және ұлына арналған тілектерін алдын ала енгізбек. Анасы қайтыс болған жағдайда баланың қамқоршылары мектеп таңдау, тұрғылықты жерін анықтау және емделуге қатысты мәселелерді шешкенде осы ақпаратпен қатар жасанды интеллекттің кеңесіне жүгіне алады.

Ұсыныста балаға қатысты әңгімелер мен чаттарды ол 18 жасқа толғанға дейін сақтау қарастырылған. Сондай-ақ тәуелсіз сарапшы қамқоршылардың шешімдерін жыл сайын қарап, олардың анасының тілектеріне қаншалықты сай келетінін бағалауы мүмкін. Соның ішінде қамқоршылардың ChatGPT ұсынған кеңестерді не себепті орындамағаны да қарастырылмақ.

Жобаның мақсаты – анасы өмірден өткеннен кейін де оның тәрбиелік ұстанымдары мен балаға қатысты тілектерін сақтап, қамқоршылардың шешім қабылдауына бағыт-бағдар беру.

Дегенмен бұл бастама жасанды интеллектке баланың заңды қамқоршысы мәртебесін беруді білдірмейді. Қамқоршылық пен баланың мүддесіне қатысты шешімдер үшін жауапкершілік адамдарда қалуы тиіс. Сонымен қатар ChatGPT-дің кеңестері әрдайым дұрыс бола бермейтіндіктен, баланың денсаулығы, қауіпсіздігі және жеке деректерінің қорғалуы сияқты мәселелер де ерекше назарды қажет етеді.

Әзірге «Living Wishes Protocol» ұсыныс ретінде сипатталып отыр. Оның заңды өсиет ретінде қалай рәсімделетіні және іс жүзінде қалай қолданылатыны туралы қосымша мәлімет қажет.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары