Көкшетауда әйелді қаққан жүргізушіге үкім шықты

/
Көкшетауда әйелді қаққан жүргізушіге үкім шықты
видеодан скриншот

Көкшетау қалалық соты көпқабатты тұрғын үй ауласында болған адам өліміне қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Еске салсақ, биылғы 9 мамыр күні көпқабатты тұрғын үйдің ауласындағы автотұраққа кіреберісте көлік жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Оқиға кезінде көлік тізгінінде әйел адам болған.

«Азаматша С. Көкшетау қаласында автокөлік жүргізіп келе жатып, көлік құралын басқаруға арнайы құқығы болмағанына қарамастан, үй ауласына бұрылу кезінде жаяу жүргінші Ш.-ны қағып кеткен. Соның салдарынан жәбірленуші ауыр дене жарақатын алып, кейін ауруханада қайтыс болды», – делінген сот хабарламасында.

Сот отырысында айыпталушы әйел көлік тізгініне күйеуінің денсаулығы күрт нашарлағандықтан және оның рұқсатымен отырғанын, алайда көлік жүргізуге құқығы болмағанын мәлімдеді.

Ал көлік иесінің жүргізуші куәлігі жоқ адамға көлікті басқаруға рұқсат беруіне қатысты қылмыстық іс бөлек өндіріске шығарылған.

Сот жаза тағайындау кезінде бірқатар жеңілдететін мән-жайларды ескерді. Атап айтқанда, оның шын жүректен өкінуі, кәмелетке толмаған балаларының болуы, моральдық шығынды өз еркімен өтеуі және бұрын сотталмағаны назарға алынды.

Жәбірленуші тарап та айыпталушыға қатысты ешқандай талабы жоқ екенін айтып, келтірілген шығын толық өтелгендіктен оны бас бостандығынан айырмауды сұрады.

Сот әйелді кінәлі деп танып, оған 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын кесті.

Алайда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 74-бабы негізінде сотталған әйелдің екі кәмелетке толмаған баласы бар екендігі ескеріліп, жазаны өтеу мерзімі 3 жылға кейінге қалдырылды.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары