Шымкентте 8 баланың анасы өрттен қаза тапты

/
Шымкентте 8 баланың анасы өрттен қаза тапты
istockphoto.com

Шымкент қаласының шетіндегі Қайнарбұлақ шағын ауданында болған өрт салдарынан сегіз баланың анасы қаза тапты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өрт шыққан сәт бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Куәгерлердің айтуынша, өрт отбасы мақта көрпе мен матрас тігумен айналысқан үйдің ауласында басталған. Алдымен мақта тұтанып, кейін жалын тез арада жайылып, бүкіл үйді шарпыған.

Марқұмның жұбайы Айдос Боранбаев әйелін құтқару үшін оттың ішіне кіруге тырысқанын айтты.

— Әйелімді құтқара алмадым. Оттың арасынан өтпек болдым. Біз мақта көрпе тігумен айналысамыз. Аласапыранда қолдан келгенше өртті сөндіруге тырыстым. Бірақ оны аман алып қала алмадық. Жұбайым денесінің 80 пайызын күйік шалды. Тағы жеті бала үйден шығып үлгерді. Біз көрпе мен матрас тігіп күн көріп отырған едік, аулада шағын цехымыз болды. Алғаш болып көршілер көмекке жүгіріп келген. Өрттің шығу себебі әзірге белгісіз, — деді марқұмның жұбайы.

Анасына көмекке 17 жастағы ұлы да ұмтылған. Жасөспірім анасын оттың ішінен алып шыға алғанымен, өзі де күйіп қалған. Ал марқұмның күйеуінің аяқтары күйіп қалған. Қалған балалар жанып жатқан үйден дер кезінде шығып үлгерген.

Отбасында бес ұл және үш қыз тәрбиеленіп жатқан. Қазір балалар уақытша туыстарының үйіне орналастырылған.

Өрт фактісі бойынша қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соқтырды деген бап бойынша қылмыстық іс қозғалды.

— Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, — деп мәлімдеді Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Өрттен кейін отбасы баспанасыз қалып, күнкөріс көзінен айырылды. Енді олар жергілікті билік тарапынан көмек күтуде.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары