Үндістан билігі 22 маусымда өтетін NEET-UG емтиханы алдында Telegram мессенджерінің жұмысын шектеуді жоспарлап отыр. Бұл қадам емтихан кезіндегі алаяқтықтың алдын алу және жалған ақпараттың таралуын тоқтату мақсатында қабылданған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Hindustan Times мәліметінше, шектеу Электроника және ақпараттық технологиялар министрлігінің бұйрығымен енгізіледі. Ұлттық тестілеу агенттігі Telegram арналары арқылы емтихан тапсырмаларын сатуға әрекет еткен алаяқтар көбейгенін мәлімдеген.
Сондай-ақ 30 маусымға дейін ел аумағында Telegram-дағы хабарламаларды өңдеу функциясы уақытша өшіріледі. Билік бұл мүмкіндікті кейбір адамдар ескі жазбалардың мәтінін өзгертіп, жарияланған уақытын сол күйі қалдыру үшін пайдалануы мүмкін деп санайды.
Министрлік бұл шектеулер Telegram-ды пайдаланатын барлық азаматтарға әсер ететінін мойындады. Ал Telegram өкілдері мұндай шешім заң бұзғандарды ғана емес, Үндістандағы миллиондаған қарапайым қолданушыны да жазалайтынын айтты.
Үндістан билігі бұл шара емтиханның әділ өтуіне және түлектер арасында заңсыз әрекеттердің азаюына көмектеседі деп есептейді.