Әлемнің ең бай 500 адамы бір күнде 336 млрд долларға байып кетті

/
Әлемнің ең бай 500 адамы бір күнде 336 млрд долларға байып кетті
сурет: istockphoto.com

Әлемдегі ең дәулетті 500 адамның жиынтық байлығы бір күннің ішінде 336 млрд долларға өсті. Бұл – Bloomberg жүргізетін Bloomberg Billionaires Index тарихындағы ең ірі тәуліктік өсім, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сауда-саттық аяқталған кезде әлемнің ең бай 500 адамының жалпы дәулеті рекордтық 13,3 трлн долларға жетті. Сарапшылардың айтуынша, нарықтағы өсімге АҚШ пен Иранның Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын қалпына келтіруге қатысты уақытша келісімге келуі және инвесторлардың тәуекел етуге деген құлшынысы өскені ықпал еткен.

Байлығы ең көп артқан кәсіпкер – Илон Маск. Оның дәулеті бір күнде 10 пайыздан астам өсіп, 1,27 трлн долларға жеткен. Осылайша Маск әлемдегі ең бай адам ретіндегі орнын одан әрі нығайтты.

Өсімнің басты драйвері – SpaceX компаниясының акциялары болды. Жуырда биржаға шыққан компанияның нарықтық құны бір күнде 20 пайызға көтерілген. Соның нәтижесінде Масктың жеке байлығы 164 млрд долларға ұлғайып, бұл көрсеткіш қалған 499 миллиардердің жиынтық өсіміне жуықтады.

Bloomberg деректеріне сәйкес, әлемдегі ең бай 50 адамның қолындағы байлық қазір 6,5 трлн долларды құрайды. Бұл көрсеткіш рейтингтегі қалған 450 миллиардердің 6,8 трлн долларлық жиынтық дәулетіне жақын.

Сондай-ақ миллиардерлер клубына кірудің өзі бұрынғыдан қиындай түскен. Қазір Bloomberg рейтингіндегі ең төменгі орынға ие адамның байлығы – 7,9 млрд доллар. Бұл аталған индекске ену үшін қажет ең жоғары шек саналады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар