Ақтөбе-Астрахань тас жолында үш көлік соқтығысып, салдарынан екі адам қаза тауып, тағы сегізі жарақат алды, деп хабарлайды turkystan.kz.
КТК телеарнасының мәліметінше, қайғылы оқиға Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелді ауылы маңында болған. Жол апатына DAF жүк көлігі мен екі Toyota Camry көлігі түскен. Соқтығысқаннан кейін жеңіл көліктердің бірі өртеніп кеткен.
Апаттың қатты болғаны сонша, көліктер қатты зақымданып, бөлшектері жол бойына шашылған. Ал жүк көлігі жол жиегіне шығып кеткен.
Бастапқыда жол апатынан 10 адамның зардап шеккені хабарланған. Кейін олардың екеуі дәрігерлер келгенге дейін оқиға орнында көз жұмғаны белгілі болды. Қалған зардап шеккендер шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді.
Оқиғадан кейін сараптама тағайындалып, тәртіп сақшылары тергеу жұмыстарын бастады. Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Байғанин аудандық ауруханасына Ақтөбеден санавиация дәрігерлері барған.
"Өкінішке қарай, ауыр жағдайда болған бір пациентті құтқару мүмкін болмады. Қалған зардап шеккендер қажетті ем алуда. Науқастарды жедел мамандандырылған көмек көрсету үшін Ақтөбеден санавиация бригадасы келді. Қазір жағдай облыстық денсаулық сақтау басқармасының бақылауында", – деді Байғанин аудандық ауруханасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Досбол Әуезов.