Осы аптада Astana International Exchange (AIX) биржасында Қазақстан Республикасының тәуелсіз панда-облигацияларының дебюттік шығарылымына арналған салтанатты листинг рәсімі өтті. Осылайша, еліміз алғаш рет Қытайдың ішкі қаржы нарығында юаньмен облигация орналастырып, халықаралық капитал нарығындағы ауқымын кеңейтті.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, панда-облигациялардың көлемі –3,4 млрд юаньды, ал кірістілік мөлшерлемесі – 1,9 пайыз. Бұл Қазақстанға ғана емес, халықаралық нарыққа да маңызды көрсеткіш саналады. Ел облигацияларды Қытай қор нарығында BBB рейтингі бар мемлекеттер арасындағы ең төмен мөлшерлемемен орналастырып, сонымен қатар АА рейтингі бар елдердің деңгейіне жақын нәтиже көрсетті. Мұндай төмен мөлшерлеме инвесторлардың Қазақстан экономикасына және елдің қаржы саясатына деген сенімін білдіреді. Сонымен қатар бұл Қытай қаржы нарығынан капитал тарту құнын төмендетуге мүмкіндік береді.
Тағы бір маңызды ерекшелік Қазақстанның Bond Connect инфрақұрылымын пайдалануы болды. Бұл жүйе халықаралық инвесторларға Қытайдың ішкі банкаралық облигациялар нарығына (China Interbank Bond Market – CIBM) қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сарапшылардың пікірінше, аталған инфрақұрылымға қосылу Қазақстан мен Қытайдың қаржы нарықтары арасындағы ықпалдастықты күшейтіп, қазақстандық инвесторлар үшін әлемдегі ең ірі борыштық нарықтардың біріне шығуға жол ашады.
Қаржы министрлігі панда-облигациялардың табысты орналастырылуы екі ел арасындағы қаржылық ынтымақтастықты тереңдетуге негіз болатынын айтты. Бұл алдағы уақытта Қытай капиталының Қазақстан нарығына келуін жандандырып, жаңа бірлескен қаржы құралдарының пайда болуына ықпал етуі мүмкін.
Салтанатты рәсімге Қаржы министрлігінің вице-министрі Дәурен Кеңбейіл, AIX биржасының басшылығы, сондай-ақ мәміленің жетекші андеррайтерлері мен серіктестері қатысты. Олардың қатарында China International Capital Corporation, Industrial and Commercial Bank of China, China Construction Bank Astana, Teniz Capital Investment Banking АҚ және Қытайдың Lianhe рейтинг агенттігінің өкілдері болды.