Жаз басталысымен көпшілік демалыс жоспарын құрауға кірісіп, бірі шетел асып, жаңа мәдениетпен танысуды қаласа, енді бірі туған елдің көрікті жерлерін аралауды жөн көреді. Биылғы туристік маусым қазақстандықтардың саяхатқа деген талғамы өзгеріп келе жатқанын көрсетті. кейінгі деректерге сүйенсек, қазақстандықтар бұрынғыдай жаппай Түркияға ғана емес, Қытай, Вьетнам, Грузия секілді жаңа бағыттарға да бет бұра бастаған. Ал ел ішінде саяхаттаушылардың саны бұрын-соңды болмаған деңгейге жетіп отыр. Осы ретте «ішкі туризм қай деңгейде?» деген сұрақ туады.
Былтыр Қазақстаннан шетелге шыққан азаматтар саны 11,8 миллион адамға жеткен. Алайда олардың барлығы турист емес. Басым бөлігі – жеке шаруамен, отбасы жағдайы немесе жұмыс бабымен шекара асқандар. Нағыз туристік сапарға шыққандар саны 417 мыңнан асты. Сонымен қатар 17,5 мың адам қажылыққа барса, 5,6 мың азамат шетелде ем алған. Кейінгі жылдары Түркия қазақстандықтардың сүйікті бағыты саналып келген еді. Алайда 2025 жылы көш басына Қытай шықты. Сарапшылар мұны екі ел арасындағы визасыз режим мен туристік байланыстардың күшеюімен байланыстырады. Қытайдан кейін Түркия, Мысыр, Грузия, Біріккен Араб Әмірліктері және Вьетнам ең танымал туристік бағыттардың қатарында. Десе де шетелдік туризмнің бір ерекшелігі – орасан қаржының елден сыртқа кетуі. Мамандардың айтуынша, қазақстандықтар жыл сайын шетелде демалуға 4 миллиард доллардан астам қаржы жұмсайды. Бұл – кейбір өңірлердің жылдық бюджетінен де көп қаражат. Мамандардың пікірінше, егер осы қаражаттың белгілі бір бөлігі ел ішінде қалса, туризм инфрақұрылымының дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өңірлік экономиканың өсуіне айтарлықтай әсер етеді. Сонымен бірге Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайдың күрделенуі бірқатар халықаралық бағыттарға сұранысты төмендетуі мүмкін. Бұл жағдай ішкі туризмнің дамуына жаңа мүмкіндік ашып отыр.
Қазақстанға қызығушылық артып келеді
Бір қызығы, қазақстандықтар шетелге жиі шыққанымен, Қазақстанға келетін туристер саны да қарқынды түрде өсіп жатыр. 2020 жылы елімізге небәрі 2 миллион шетелдік келген болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 15,7 миллион адамға жеткен. Қазақстанға ең көп келетін туристер – Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Қытай азаматтары. Сарапшылар мұны көлік қатынасының жақсаруы, визалық рәсімдердің жеңілдеуі және еліміздің табиғи-мәдени әлеуетіне қызығушылықтың артуымен байланыстырады. Сонымен қатар кейінгі жылдары қазақстандықтардың өз елін тануға қызығушылығы айтарлықтай өсті.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, өткен жылы қазақстандықтар 11,7 миллион туристік сапар жасаған. Оның 87 пайызы ел ішінде жүзеге асқан. Еліміз тұрғындарының басым бөлігі Астана, Алматы қалалары, Алматы, Қарағанды және Түркістан облыстарын таңдаған. Дегенмен ішкі туризмнің өзіндік ерекшелігі бар. Көптеген саяхатшы қонақүйге емес, туыстары мен таныстарының үйіне тоқтауды жөн көреді. Бұл қазақстандықтардың саяхат мәдениетінде отбасылық және туыстық байланыстардың әлі де маңызды рөл атқаратынын көрсетеді. Көлік таңдауда да айырмашылық байқалады. Ел ішінде көбіне жеке автокөлік пен пойыз пайдаланылса, шетелге шығушылардың басым бөлігі ұшаққа отырады.
Елорда – ішкі туризмнің орталығы
Кейінгі жылдары Астана тек саяси орталық емес, туризмнің де маңызды нүктесіне айналып келеді. Кейінгі үш жылда Астанада туризм саласында тұрақты өсім байқалады. 2025 жылы қалаға 1 604 825 адам келген, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 7%-ға көп. 1,6 млн туристің ішінде 380 301-і – шетелдік турист болса, 1 224 524-і – ішкі турист. Келушілердің 69%-ы демалу, іс-шараларға қатысу және сауда жасау мақсатында келеді, ал 31%-ы – іскерлік сапарлар. Негізгі туристер Ресей, Қытай, Түркия, Германия және АҚШ-тан келеді. Ең жоғары өсім Қытай (+28%) және Ресей (+15%) туристері арасында байқалды. Қалаға келушілердің басым бөлігі демалу, мәдени іс-шараларға қатысу және сауда жасау мақсатында сапарлайды.
Елордада туризмнің дамуы қала экономикасына тікелей әсер етеді. 2025 жылы орналастыру қызметтерінің көлемі 74 млрд теңгеге жетіп, 14%-ға өсті. Салаға салынған инвестициялар 75%-ға артып, 438,3 млрд теңгеге жетті. Бір туристің орташа шығыны – тәулігіне 118 мың теңге, бұл шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп отыр.
Мамандардың айтуынша, медициналық туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. 2026 жылы шетелдік мамандар үшін ақпараттық турлар ұйымдастырылып, халықаралық көрмелерге, соның ішінде ITB Berlin көрмесіне қатысу жоспарланған. Іскерлік туризм де – маңызды бағыт.
Сонымен қатар Астана іскерлік және мәдени туризмнің орталығы саналады. Мұнда әлемдік деңгейдегі концерттер, халықаралық форумдар, көрмелер мен фестивальдар жиі өтеді. Мысалы, Comic Con Astana фестиваліне 70 мыңнан астам адам қатысқан. Оның 10 мыңға жуығы шетелден келген қонақтар. Ұйымдастырушылардың есебінше, фестиваль қала экономикасына шамамен 3,5 миллиард теңге кіріс әкелген. Jennifer Lopez, Backstreet Boys сияқты әлемдік жұлдыздардың концерттері де туристер ағынын айтарлықтай арттырды. Мысалы, Solana Fest фестиваліне 12 мыңнан астам билетті шетел азаматтары сатып алған. Бұл Астананың жаһандық деңгейдегі тартымдылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Биыл Астанада мыңнан астам мәдени және іскерлік іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Олардың қатарында халықаралық киберспорт турнирлері, «Болашақ ойындары», Solana Fest фестивалі, әйгілі Cirque du Soleil гастрольдері мен Enrique Iglesias концерті бар.
Астанаға келген қонақтардың ең көп баратын орындарының қатарында: Бәйтерек монументі, «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығы, EXPO аумағындағы «Нұр Әлем» музейі, Ақорда, Бас мешіт, Әзірет Сұлтан мешіті бар. Бұл нысандар елорданың заманауи келбетін көрсетіп қана қоймай, еліміздің жаңа туристік брендіне айналып келеді.
Сарапшы: «Ұлттық парктерге баратындар көп»
Егер осыдан он-он бес жыл бұрын қазақстандықтардың басым бөлігі үшін демалыс шетелге саяхатпен байланысты болса, қазір ел азаматтары өз елінің ішінде саяхаттауды жиі таңдай бастады. Бұл үрдісті статистика да растайды. Qazaq Expert Club-тың туризм саласындағы сарапшысы Жанна Асипованың айтуынша, 2020 жылы ішкі туристік тұтыну көлемі 807,2 млрд теңгені құраса, 2024 жылы ол 3,16 трлн теңгеге жетті. Осылайша, бірнеше жылдың ішінде ішкі туризм көлемі төрт есеге жуық өсті.
«Пандемия белгілі бір деңгейде бетбұрыс кезеңі болды. Дәл сол уақытта көптеген қазақстандық өз елін белсенді түрде танып-біле бастады. Көлсай, Алакөл, Бурабай, Шарын шатқалы немесе Іле-Алатауы ұлттық паркіне саяхат бұрынғыдай ерекше құбылыс емес, қалыпты демалыс түріне айналды», – дейді сарапшы.
Сонымен қатар туризмнің экономикадағы маңызы да артты. Туристік салалардың жалпы қосылған құны 2020 жылғы 2,18 трлн теңгеден 2024 жылы 4,06 трлн теңгеге дейін өсті. Осы кезеңде салада жұмыспен қамтылғандар саны 458,3 мыңнан 613,8 мың адамға дейін көбейді.
«Статистика ішкі туризмнің негізінен ел тұрғындарының есебінен дамып жатқанын көрсетеді. Мысалы, жолаушыларды автомобиль жолдарымен тасымалдау қызметтеріне жұмсалатын шығындардың 100%-ы қазақстандықтарға тиесілі, теміржол тасымалының 86,3%-ын ішкі туристер қалыптастырады, ал туристік агенттіктер мен брондау қызметтерінің 99%-ы резиденттердің үлесінде», – дейді Жанна Асипова.
Оның айтуынша, қазір адамдар қысқа сапарларды, табиғат аясындағы демалысты, экотуризмді және digital detox форматындағы саяхаттарды жиі таңдайды. Яғни қала тіршілігінен уақытша алыстап, табиғат аясында тынығуға ұмтылады.
«Әсіресе табиғи туризм мен ұлттық парктерге қызығушылық артып келеді. Ең танымал бағыттардың қатарында Бурабай, Алакөл, Көлсай көлдері, Қайыңды, Маңғыстау облысы, Іле-Алатауы ұлттық паркі және Алматы өңірінің тау бағыттары бар. Мұны статистика да дәлелдейді: 2024 жылы Қазақстанның ұлттық парктеріне 2,8 миллион адам келген, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 18%-ға көп», – дейді сарапшы.
Асипованың пікірінше, бұрын туристік бағыттардың танымалдылығын көбіне туроператорлар мен жарнамалық науқандар анықтаса, қазір бұл рөлді TikTok, Instagram және тревел-блогерлер жиі атқарады. Кейде бір ғана сәтті ролик немесе көпшілікке тез таралған бейне танымал емес локацияны қысқа уақыт ішінде бүкіл елге әйгілі ете алады. Сонымен қатар жаңа мәдени тренд қалыптасып келеді. Кейбір сарапшылар оны Kazakh boo деп атайды – бұл жергілікті эстетикаға, ел ішіндегі саяхаттарға және Қазақстан табиғатын романтикалық тұрғыдан қабылдауға қызығушылықтың артуы.
Болашағы зор, бірақ әзірге жеткілікті бағаланбай отырған бағыттардың бірі ретінде Асипова трейлерлік және кемпингтік туризмді атайды.
Мемлекет туризмді дамытудың үш негізгі орталығына басымдық беріп отыр. Олар – Алматы, Маңғыстау облысы және Бурабай.
Мақсат – осы өңірлерде халықаралық деңгейдегі туристік инфрақұрылым қалыптастыру. Дегенмен, сарапшылар басты мәселе әлі де баға мен қызмет сапасына байланысты екенін айтады. Көп жағдайда қазақстандық отбасы үшін ел ішінде демалу шетелге саяхаттаудан қымбат. Сондықтан туризм саласының алдында тұрған негізгі міндет – ішкі саяхатты қолжетімді әрі тартымды ету. Жалпы туризмге жұмсалған шығын көлемі де айтарлықтай. Өткен жылы бұл көрсеткіш 1 трлн 134,2 млрд теңгеге жеткен. Оның 659,2 млрд теңгесі ішкі туризмге тиесілі. Бұл ел ішіндегі демалыс нарығының экономикалық салмағы артып келе жатқанын көрсетеді.
Наурызбек САРША