Калифорния университетінің ғалымдары әр тыныс миға қалай әсер ететінін анықтады

/
Калифорния университетінің ғалымдары әр тыныс миға қалай әсер ететінін анықтады
сурет: istockphoto.com

Калифорния университетінің Сан-Диегодағы ғалымдары адамның миы тыныс алу жиілігін ғана емес, әр демнің тереңдігін, ұзақтығын және жылдамдығын да дәл бақылайтынын анықтады. Яғни ұзақ дем алу, баяу тыныс шығару немесе тыныстың уақытша кідіруі ми белсенділігінің өзгеруінен көрінеді, деп хабарлайды turkystan.kz UC San Diego-ға сілтеме жасап.

Зерттеуге дәріге төзімді эпилепсияға байланысты клиникалық бақылаудан өтіп жатқан 16 адам қатысқан. Ғалымдар олардың миына орнатылған электродтар арқылы жүйке белсенділігін тіркеп, оны мұрыннан өтетін ауа ағынымен және кеуде мен іштің қозғалысымен салыстырған.

Әрбір тыныс ауа ағынының көтерілуі мен төмендеуін көрсететін толқын ретінде қарастырылды. Нәтижесінде тыныс толқынының пішіні мидағы электрлік тербелістермен ұқсас екені байқалған. Бұл байланыс ойлау, есте сақтау және эмоцияларды реттеуге қатысатын ми аймақтарында анық көрінген. Бұған дейін зерттеушілер көбіне адамның минутына қанша рет тыныс алатынына назар аударып келген. Ал жаңа жұмыс әрбір демнің өзіндік ерекшелігі ми белсенділігінен көрінетінін көрсетті. Зерттеу Journal of Neuroscience журналында жарияланды.

Бұл жаңалық эпилепсия кезіндегі кенеттен болатын өлім мен сәбилердің аяқ астынан шетінеу синдромында тыныстың неліктен тоқтап қалатынын зерттеуге көмектесуі мүмкін. Ғалымдар болашақта тыныс алу пішініндегі өзгерістерді қауіпті жағдайдың ерте белгісі ретінде пайдалану мүмкіндігін тексермек.

Дегенмен қазіргі зерттеу мұндай жағдайларды алдын ала болжауға мүмкіндік бермейді. Тәжірибе эпилепсиясы бар шағын топқа жүргізілгендіктен, нәтижені инвазивті емес әдістермен және қатысушылардың үлкен тобында қайта тексеру қажет.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар