Павлодар облысында ауыл маңында болған жол-көлік оқиғасынан кәмелетке толмаған жасөспірім көз жұмды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алдын ала мәліметке сүйенсек, Lada-21214 автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол жиегіндегі кюветке аударылған. Апат салдарынан көлікте болған кәмелетке толмаған жолаушы ауыр жарақат алып, кейін ауруханада қайтыс болды.
Полиция бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір автокөлік мамандандырылған айып тұрағына қойылды. Тергеу барысында апаттың нақты себептері мен барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Павлодар облыстық полиция департаменті жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды ескертті. Тәртіп сақшылары жылдамдықты асырмауға, қозғалыс қарқыны жоғары учаскелерде аса мұқият болуға және көліктің техникалық жағдайын тұрақты бақылауда ұстауға шақырды.