Қазақ эстрадасының аңызы, Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева мерейтойлық концертінде жас әнші Баянсұлумен бірге ән шырқап, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Кеш барысында өнер иесі жас талантқа өзінің сахнада киген қызыл көйлегін естелік ретінде тарту етті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Баянсұлу бұл қуанышты сәтті әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісіп, Роза Рымбаевамен бір сахнада өнер көрсету өзі үшін ғана емес, ата-анасының да көптен бергі арманы болғанын жазды.
"Бала кезде ауылда ата-әжем, анам, әкем Роза Рымбаеваны телевизордан көріп, тамсанып, "менің де қызым ертең Роза сияқты мықты әнші болады" деп айтатын. Ал бүгін Роза ханымның 50 жылдық концертінде, бір сахнада тұрып бірге ән айту бұйрыпты. Аман болыңыз, аңыз адам", – деп жазды ақтарыла қуанған жас әнші.