Павлодар қаласында Toraighyrov University базасында облыстың барлық қала-аудандарынан келген белсенді жастардың басын қосқан ауқымды «Bir Tolqynda» диалог алаңы өтті. Іс-шараны «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты ұйымдастырды. Қатысушылар депутаттарға тікелей сұрақ қойып, қоғам белсенділері мен шығармашылық сала өкілдерімен өзекті тақырыптарды талқылауға, сондай-ақ өз бастамалары мен ұсыныстарын ортаға салуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Кездесуге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Нұржан Әшімбетов пен Жарқынбек Амантай қатысты. Сонымен қатар іс-шараға «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты төрағасының орынбасары Ержан Хамитов, партияның облыстық филиалының төрағасы Асылбек Туғанбай, облыстық мәслихат депутаты әрі Жастар кеңесінің төрағасы Айдар Құрымбаев, сондай-ақ GTF таэквондо бойынша дүниежүзілік федерацияның Павлодар өңірі жөніндегі вице-президенті Артем Граблев қатысты.
Кездесуді ашқан Асылбек Туғанбай жастардың елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысуының маңыздылығын атап өтіп, жастар мен депутаттық корпус арасындағы ашық диалогтың мәніне тоқталды.
- Бүгін Павлодар өңірінен сайланған Мәжіліс депутаттары арнайы елордадан келіп, жастармен жүздесіп отыр. Бұл - жастар үшін өз сұрақтарын тікелей қойып, ұсыныстарын айтып, көкейдегі мәселелерге жауап алуға үлкен мүмкіндік, - деді ол.
Ашық диалог барысында спикерлер қазіргі қоғамдағы жастардың рөлі, жауапкершілік, бастамашылдық және белсенді азаматтық ұстаным туралы пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ жастар жобаларын қолдау, жаңа идеяларды жүзеге асыру және жастарға арналған мүмкіндіктерді кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кездесу барысында сөз сөйлеген Нұржан Әшімбетов бүгінгі таңда жастар мемлекетті дамытушы негізгі күш екенін атап өтті.
Өз саласының мықты маманы болу үшін үш «П» қағидасын ұстану қажет: патриотизм, кәсібилік және парасаттылық, - деді депутат.
Нұржан Әшімбетовтің айтуынша, жобаның басты мақсаты -жастарды елде болып жатқан өзгерістер үдерісіне тарту.
Бұл бастама жастарды саяси және экономикалық реформаларға тартуға бағытталған.
– Біз жастардың пікірін тыңдап, конституциялық реформалар, заң жобалары мен Парламентте қаралып жатқан өзекті мәселелер туралы айту үшін келдік, - деді депутат.
Сондай-ақ ол аграрлық саладағы бастамаларға тоқталып, қазіргі уақытта топырақты қорғау туралы заң жобасы әзірленіп жатқанын айтты. Құжатта жайылымдардың тозуы, жер құнарлылығының төмендеуі және цифрландыру мәселелері қамтылған.

Жарқынбек Амантай өзінің саяси қызметі туралы айтып, 34 жасында депутат болғанын жеткізді. Оның сөзінше, жастар мәселесі әрдайым басты назарда.
- Биыл мұндай кездесулер ерекше форматта өтіп жатыр - бұл жастармен ашық әрі шынайы әңгіме. Бүгінде Мәжілісте алты партия ұсынылған, ал ең ірі фракция - «AMANAT» партиясы. Біз жастарды тыңдап, өзекті мәселелердің шешімін бірге іздеуіміз керек, - деді ол Парламент жұмысы туралы айта отырып.
Жастар да талқылауға белсенді қатысты. Аққулы ауданының белсендісі Қарлығаш Қаллемова ауылдық жерлердегі спортты дамыту мәселесін көтерді. Ал Алтынай Рахметова Нұржан Әшімбетовтен өмірдегі тәлімгері мен үлгі тұтқан адамы туралы сұрады. Депутат өзі үшін әрдайым әкесі басты үлгі болғанын айтты.

Кездесу соңында партиялық билеттерді салтанатты табыстау рәсімі өтті. Іс-шара аясында «AMANAT» партиясының қатарына спортшылар, еріктілер, студенттер және шығармашыл жастар қатарынан он белсенді жас қабылданды.