Қарағандыда мәдениет және өнер қызметкерлеріне арналған салтанатты бал өтті

/
Қарағандыда мәдениет және өнер қызметкерлеріне арналған салтанатты бал өтті

Қарағандыда Мәдениет және өнер қызметкерлері күні биыл алғаш рет салтанатты бал форматында өтті. Мерекелік іс-шараға жиналған жұрт қызыл кілеммен жүріп өткен мәдениет саласының майталмандарын ерекше құрмет көрсетіп қарсы алды. Марапаттау рәсімі ұйымдастырылған кеш бұрын-соңды болмаған ауқымды шаралардың біріне айналды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жолғы шараны әдеттегідей мәдениет нысандарынан бөлек, сән-салтанаты жарасқан жерде және ерекше форматта өткізудегі басты мақсат – руханият саласының өкілдерін төл мерекесінде әбігерге салмай, бейнетінің зейнетін көріп, құрмет-қошеметке бөленсін деген ниет.

«Мәдениет – ұлттың рухани тірегі. Тамырлы тарих қатпарында сақталған құндылықтарымыз өнер туындылары арқылы ұрпақтан ұрпаққа тарап, баға жетпес асыл қазынамызға айналды. Осы жолда аянбай еңбек етіп жүрген мәдениет саласының қызметкерлеріне шынайы алғысымды білдіремін!», – деді аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.

Салтанатты рәсім аясында мемлекеттік және ведомстволық наградалар табысталды. «Парасат» ордені К.С. Станиславский атындағы Қарағанды облыстық орыс драма театрының актері Иван Немцевке берілді. Ал мәдениет саласының ардагері Тұңғышбай Мұқан «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды.

Мерекелік шара Қарағанды облысы әкімінің мәдениет және өнер саласы майталмандарына жылда берілетін қаржылай сыйлығын табыстау рәсіміне ұласты. Биыл 22 аталым бойынша 25 сыйлық табысталды. 24 лауреатқа 2 миллион теңгеден берілсе, «Мамандыққа адалдығы үшін» арнайы сыйлығының көлемі 4 миллион теңгені құрады. Сонымен қатар, алғаш рет «Жыл жүргізушісі» және «Ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған демалысты үздік ұйымдастырушы» аталымдары енгізілді.

Облыс өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдарының сахналық қойылымы мерекелік кештің көркін аша түсті. Сондай-ақ, Академиялық музыкалық комедия театры солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Салтанат Ахметова мен Сүндет Байғожин әлемдік өнер жауһарларын тарту етіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мәдениет саласының қызметкерлерін құттықтауға арналған жаңа формат алдағы уақытта игі дәстүрге айналмақ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары