Украинаның Жоғары антикоррупциялық соты президент кеңсесінің бұрынғы басшысы Андрей Ермакқа қатысты бұлтартпау шарасын таңдады. Сот шешімімен ол 60 күнге қамауға алынды. Сонымен бірге Ермак 140 млн гривен көлемінде кепіл төлеген жағдайда бостандыққа шыға алады, деп хабарлайды turkystan.kz.
ВВС басылымының жазуынша, сот шешімі жарияланғаннан кейін Ермак өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын айтып, апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді. Ол Украина аумағында екенін және ешқайда жасырынбайтынын жеткізген. Сондай-ақ бұрынғы шенеунік мұндай көлемдегі кепілді төлеуге қаржысы жоқ екенін, қажет болған жағдайда достары мен таныстарынан көмек сұрайтынын айтқан.
Тергеу мәліметінше, Ермак Киев облысындағы элиталық құрылыс жобалары арқылы ірі көлемдегі қаражатты заңдастырды деген күдікке ілінген. Құзырлы органдар бұл іс бойынша 460 млн гривеннен астам қаржының заңсыз айналымға түсуі мүмкін екенін алға тартып отыр.
Айыптау тарапының дерегінше, күдіктілер төрт элиталық резиденция салу арқылы шамамен 9 млн долларды "жылыстатқан" болуы ықтимал. Сонымен қатар Ермактың есімі "Мидас" деп аталатын тергеу ісінде де аталады. Бұл іс Украинаның "Энергоатом" мемлекеттік компаниясына қатысты жемқорлық схемасына байланысты қозғалған.
Ермак өзіне тағылған айыптарды негізсіз деп санайды. Ол құқық қорғау органдарына қоғам тарапынан үлкен қысым жасалып жатқанын айтып, елден кетпейтінін мәлімдеді.
Андрей Ермак 2020 жылдан 2025 жылға дейін Украина президенті кеңсесін басқарған. Ол Владимир Зеленскийдің ең жақын әрі ықпалды серіктерінің бірі ретінде танылған. Бұған дейін Зеленский Ермакты қызметінен босатқаннан кейін оның үйінде тінту жүргізілгені хабарланған еді.