Анаға тағзым – адамдықтың белгісі

Анаға тағзым – адамдықтың белгісі

Бүгін мамыр айының екінші жексенбісінде елімізде Аналар күні атап өтіледі. Бұған дейін елімізде Аналар күні қыркүйек айында тойланып келген-тін. Алайда 2023 жылғы 31 мамырда қабылданған Үкімет қаулысына сәйкес, мереке күні өзгертіліп, мамырдың екінші жексенбісіне бекітілді. Бұл шешім халықаралық тәжірибеге сәйкестендіру мақсатында қабылданған.

Бүгінде Аналар күнін мамырдың екінші жексенбісінде атап өту дәстүрі әлемнің көптеген елінде кең таралған. Атап айтқанда, АҚШ, Канада, Германия, Италия, Түркия, Жапония, Бразилия және Аустралия секілді мемлекеттер осы күнді аналарға құрмет көрсету мерекесі ретінде атап өтіледі.

Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжан бұл мерекелі күнде Ана махаббаты туралы мағыналы ойын ортаға салды.

"Ана — өмірдің бастауы, отбасының жүрегі, ұлт тәрбиесінің негізі. наның мейірімі мен махаббаты ешқашан ескірмейді, уақытпен өлшенбейді. Сондықтан да ананың махаббаты — уақыттан тыс мәңгілік құндылық.

Қазіргі қарбалас заманда технология дамып, өмір ырғағы жылдамдаған сайын адамзат үшін ең маңызды нәрсе — отбасы жылуы, ата-анаға құрмет, ұрпақтар сабақтастығы екенін терең сезіне бастаймыз. Себебі баланың бойындағы адамгершілік, мейірім, жауапкершілік пен отансүйгіштік ең алдымен ана тәрбиесі арқылы қалыптасады.

Мен әйел, ана және Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия өкілі ретінде бір нәрсеге сенімдімін: мықты мемлекет — мықты отбасынан басталады. Ал әр отбасының тірегі — Ана", – дейді ол.

Сөз соңында ол аналарға ақжарма тілегін жеткізді.

"Халықаралық отбасы күні мен Аналар күні қарсаңында барша аналарға шынайы алғысымды білдіремін. Күн сайын үнсіз еңбек етіп, бала тәрбиелеп, отбасының берекесін сақтап, қоғамда да өз орнын тауып жүрген әйелдердің еңбегі өлшеусіз.

Көпбалалы аналарға, ерекше бала тәрбиелеп отырған аналарға, жалғызбасты аналарға, немере тәрбиелеп отырған әжелерге ерекше құрмет білдіремін. Сіздердің төзімдеріңіз бен махаббаттарыңыз — қоғамның рухани тірегі.

Ананың махаббаты — адамға өмір бойы күш беретін, қорғайтын, жігерлендіретін ерекше қуат. Біз қанша есейсек те, ана мейірімі әрдайым ең қауіпсіз, ең ыстық мекен болып қала береді", – дейді Н.Мақжан.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары