Нидерландыда етті жарнамалауға тыйым салынды

/
Нидерландыда етті жарнамалауға тыйым салынды
сурет: istockphoto.com

Амстердам билігі экологиялық саясат аясында маңызды шешім қабылдап, қалада ет өнімдерінің, сондай-ақ қазба отынына байланысты тауар мен қызмет жарнамасына тыйым салды. Бұл шектеу авиарейстерге, круиздерге және іштен жану қозғалтқышы бар көліктерге де қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz BBC-ге сілтеме жасап.

Енді қоғамдық көлік аялдамаларында, метро мен вокзалдарда фастфуд немесе автокөлік жарнамасының орнына концерттер, көрмелер мен музейлердің афишалары ілінеді. Осылайша қала билігі жарнама кеңістігін өзгерту арқылы тұрғындардың тұтыну әдетіне ықпал етуді көздеп отыр.

Басты мақсат – парниктік газдар шығарындыларын азайту және 2050 жылға қарай ет тұтынуды кемінде екі есеге қысқарту. Сарапшылардың пікірінше, жарнама адамдардың таңдауына тікелей әсер етеді, сондықтан оны шектеу экологиялық саясаттың тиімді құралы бола алады.

Қазіргі уақытта қаладағы жарнаманың шамамен 4%-ы көмірсутекке байланысты өнімдер мен қызметтерге, ал небәрі 0,1%-ы ет өнімдеріне тиесілі болған. Дегенмен билік бұл көрсеткіштердің өзі ұзақ мерзімде маңызды деп есептейді.

Ұқсас шаралар бұған дейін де нәтиже көрсеткен. Мысалы, Лондон қаласында 2019 жылы фастфуд жарнамасына тыйым салынғаннан кейін мұндай тағамды тұтыну аптасына 10-20%-ға азайған.

Айта кету керек, ет жарнамасына алғаш тыйым салған қала – Харлем (2022 жыл). Кейін бұл бастаманы Утрехтжәне Неймеген жалғастырды. Ал қазба отынға қатысты жарнамаға шектеу Эдинбург, Шеффилд, Стокгольм және Флоренция қалаларында да енгізілген. Ұлттық деңгейде мұндай тыйым Франция елінде бар.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары