Қонаев қаласында «AMANAT» партиясы Саяси менеджмент академиясының ұйымдастыруымен функционалдық құзыретті дамытуға арналған үш күндік модульдік оқу басталды. 4-6 мамыр аралығында өтетін семинарға Алматы облысынан 135 қатысушы жиналды. Олардың қатарында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары және партия филиалдарының қызметкерлері бар, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жоба партия Төрағасы Ерлан Қошановтың бастамасымен жүзеге асырылуда. Оның негізгі мақсаты – өңірлердегі өзекті мәселелерді жедел шешуге, азаматтармен ашық әрі сындарлы диалог орнатуға қабілетті жаңа форматтағы басқарушы кадрлар корпусын қалыптастыру.
Семинардың ашылуында «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Серік Нұрқадыров қазіргі жергілікті басқару жүйесінде кәсіби дайындықтың, стратегиялық ойлаудың және тұрғындармен ашық диалог жүргізе білудің маңызы ерекше екенін атап өтті.
«Бұл жай ғана оқу емес. Бұл – жергілікті басқару сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам. Бүгінде халықпен жұмыс істейтін әрбір азамат мәселені естіп қана қоймай, оны шешудің жолдарын ұсына білуге тиіс. Жобаның басты мақсаты – уақыт талабына сай, стратегиялық тұрғыдан ойлай алатын және тиімді шешім қабылдай білетін басқарушылар корпусын қалыптастыру», – деді Серік Нұрқадыров.

Білім беру бағдарламасында теориядан гөрі тәжірибеwге басымдық берілген. Тыңдаушылар бюджеттік жоспарлаудың қыр-сырын, өңірлік басқару, командалық жұмыс және көшбасшылық бағытты меңгеруде. Сондай-ақ шешендік өнер мен саяси науқандарды ұйымдастыру технологияларына ерекше назар аударылған. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Бюджеттік жоспарлау департаменті директорының орынбасары Динара Торина, журналист Салтанат Оңғар және Назарбаев Зияткерлік мектептері Педагогикалық шеберлік орталығының тренері Сапура Жолдасбаева сынды жоғары деңгейдегі сарапшылар қатысушылармен өз тәжірибесімен бөлісуде.
«AMANAT» партиясы Орталық аппараты Ұйымдастыру және аумақтық жұмыс департаменті басшысының орынбасары, Саяси менеджмент академиясының лекторы Жандос Қалтаевтың айтуынша, модульдік оқыту еліміздің барлық өңірін қамтитын жүйелі бағдарлама ретінде іске асырылуда.
«Бағдарлама алты модульден тұрады. Онда көшбасшылық қабілет, шешендік өнер, саяси науқандарды ұйымдастыру, коммуникация, қаржы және бюджет мәселелері қарастырылады. Оқу тек дәрістермен шектелмейді: әр модульден кейін қатысушылар білімін растау үшін тестілеуден өтеді. Тест 20 сұрақтан тұрады. Кемінде 50 пайызына дұрыс жауап беру қажет», – деді Жандос Қалтаев.

Оқыту бірнеше кезеңнен тұрады. Қарқынды офлайн-курс аяқтағалғаннан кейін қатысушылар жергілікті жерлердегі нақты мәселелерді шешуге бағытталған жеке жоба әзірлеуге кіріседі. Кураторлар идеяны пысықтаудан бастап оны қорғауға дейін сүйемелдейді. Курсты сәтті аяқтағандарға сертификат беріледі, ал үздік нәтиже көрсеткен тыңдаушылар партияның кадрлық резервіне кіру мүмкіндігіне ие болады.

Айта кетейік, ауқымды білім беру марафоны 14 сәуірде Астанада басталды. Осы уақытқа дейін Абай, Жетісу, Қарағанды, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарының, сондай-ақ Алматы қаласының өкілдері оқуды аяқтады. Бұл бастама «AMANAT» партиясының ішкі кадрлық саясатын жаңғыртып қана қоймай, өңірлердегі басқарушылық шешімдердің тиімділігін едәуір арттыруға бағытталған.
