Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықттап, бұл қоғамымыздың мызғымас құндылықтарын паш ететін қастерлі мейрам екенін баса атап өтті. Сонымен қатар ол «Бірлігіміз – әралуандықта» формуласы мемлекеттік саясат пен азаматтарымыздың күнделікті өмірінің өзегіне айналғанын да айрықша мән берді. «Ассамблея жастары» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев дәл қағидаттың осы этносаралық қатынастар саласында үйлесімділікті қамтамасыз етіп келе жатқанын баса айтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Бірлік – мемлекет үшін де, кез келген іс үшін де табыстың аса маңызды құрамдас бөлігі. Біздің елімізде дәл осы бірліктің арқасында Мемлекет басшысы бастаған саяси реформалар нық әрі сенімді түрде жүзеге асырылуда. Азаматтардың ортақ ынтымағының нәтижесінде қоғам жаңа халықтық Конституцияны басым көпшілікпен қолдады. Мұның бәрі бүгінгі күнге де, ертеңгі болашаққа да сенім ұялатады. Қазір әлемде тұрақсыздық пен қақтығыстардың күшеюін көріп отырмыз. Осындай жағдайда бірлік пен бейбітшілік кез келген елдің ең басты капиталына айналады», – дейді ол.
Тимур Жұмырбаев өз сөзінде елдегі бірлік пен келісімнің маңызына тоқталып, оның қоғам дамуы мен тұрақтылықтың негізгі тірегі екенін атап өтті.
«Қазақстан «әралуандылықтағы бірлік» қағидатын дәйекті түрде ілгерілетіп, этносаралық қатынастар саласында үйлесімділікті қамтамасыз етіп келеді. Бұл – халқымыздың дүниетанымының негіздерінің бірі әрі мемлекеттің басым бағыттарының қатарында. Сондықтан бірлік құндылықтары өзектілігін жоғалтпайды. Керісінше, олар табысты даму үлгілерінің маңызды көрсеткішіне айналып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан халқының бірлігі мерекесінің мәні – бір-бірімізге алғыс білдіру, елімізге және әрбір азаматқа бейбітшілік пен тұрақтылық тілеу. Мен де құттықтауларға қосылып, барша қазақстандыққа бірлігімізді әрдайым қадірлеуді тілеймін! Әр шаңырақта тыныштық пен береке болсын, ал ортақ шаңырағымыздың астында әрдайым берік бейбітшілік пен жарасым салтанат құрсын!», – дейді ол.