Спорт өмірді ұзартады – бірақ нақты не істеу қажет?

/
Спорт өмірді ұзартады – бірақ нақты не істеу қажет?
cурет: istockphoto.com

Халықаралық ғалымдар тобы жүргізген жаңа зерттеу спорт арқылы өмірді ұзартудың күтпеген қағидасын көрсетті: бастысы – қанша жаттығу жасағаныңыз емес, олардың әртүрлілігі. Нәтижелер BMJ Medicine журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеу бірнеше ондаған жылға созылып, оған медицина қызметкерлері қатысқан. Қатысушылар өздерінің күнделікті физикалық белсенділігі туралы мәлімет беріп отырған. Ең жиі кездескен жаттығулар – жаяу жүру, жүгіру, велосипед тебу, жүзу, ескек есу, теннис және гимнастика. Кейін бұл тізімге күштік жаттығулар, йога және ашық ауадағы жұмыстар қосылған.

Ең қарапайым әрі тиімді тәсіл – жаяу жүру болып шықты. Көп жүрген адамдарда өлім қаупі 17%-ға төмендеген. Одан кейінгі орындарда:
– теннис, сквош, ракетбол (–15%)
– ескек есу немесе гимнастика (–14%)
– жүгіру мен күштік жаттығулар (–13%)
– велосипед (–4%)

Күнделікті баспалдақпен көтерілу де айтарлықтай әсер берген: өлім қаупі 10%-ға азайған.

Ең жоғары нәтиже әртүрлі белсенділікті біріктірген адамдарда байқалған: мұндай жағдайда өлім қаупі 19%-ға дейін төмендеген. Яғни ағза «бір ғана режимді» емес, әртүрлі қозғалысты жақсы көреді.

Зерттеу тағы бір маңызды жайтты көрсетті: белгілі бір деңгейден кейін жаттығу көлемін арттыру тиімділікті өсірмейді. Басқаша айтқанда, күні бойы бір ғана жаттығуды қайталай бергеннен гөрі, аздау болса да әртүрлі қозғалу пайдалырақ.

Әрине, физикалық белсенді адамдар жалпы алғанда салауатты өмір салтын ұстанады – олар сирек шылым шегеді, дұрыс тамақтанады және әлеуметтік байланыстары мықты болады. Бұл да нәтижеге әсер етеді.

Ғалымдар зерттеудің шектеулерін де атап өтті: деректер қатысушылардың өз бағалауына негізделген, нақты өлшеулер жүргізілмеген.

Қорытынды қарапайым: ұзақ өмір сүру үшін «спортзалға бару» міндетті емес. Күндіз көбірек жүру, кейде жүгіру, баспалдақпен көтерілу, ара-тұра басқа жаттығулар қосу, міне, ағзаға керегі – сол.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар