Жамбыл облысы Тараз қаласында «AMANAT» партиясының «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» атты форум өтті. Жиында көпқабатты тұрғын үйлерді басқару, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, қауіпсіздік, тұрғындармен кері байланысты күшейту және МИБ пен ПИК жұмысының тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Форум жұмысына «AMANAT» партиясының Хатшысы Шолпан Каринова, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұқаш Ескендіров, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, мемлекеттік және коммуналдық сала өкілдері, сондай-ақ өңірдегі МИБ пен ПИК басшылары қатысты.
Жиында «AMANAT» партиясының Хатшысы Шолпан Каринова «TURGYNDAR AMANATY» жобасы көппәтерлі тұрғын үйлерге қатысты қордаланған мәселелердің оң шешімін табуға бағытталғанын айтты. Жоба аясында МИБ және ПИК төрағаларын оқыту, депутаттармен кері байланысты күшейту, әкімдіктермен бірлескен жұмысты жолға қою, аулаларды абаттандыру және «Халық қатысатын бюджет» тетігін кеңінен пайдалану көзделіп отыр. Бұған дейін ел аумағындағы бірнеше өңірде дәл осы бағыттағы жүйелі жұмыс жүргізілді. Мәселен, төрт айда Астанада ашылған жобалық фронт-офисте 114 өтініш қабылданып, 67 мәселе бойынша кеңес берілді.
«Тариф, абаттандыру, жарықтандыру, лифт, интернет пен қауіпсіздік мәселелері – тұрғындар үшін ерекше маңызға ие. Сондықтан көппәтерлі тұрғын үйлерге қатысты өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін партия бастамасымен «TURGYNDAR AMANATY» жобасы қолға алынды. Осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізілуде. Жыл басынан бері осындай форум-семинарлар еліміздің 11 өңірінде өтіп, өз тиімділігін көрсетті. Осы тәжірибені ескере отырып, біз бұл жұмысты Жамбыл облысында жалғастырып отырмыз. Бұл ретте біз ОСИ және КСК төрағаларының қолдауына үлкен сенім артамыз. Себебі, сіздер – күн сайын қаладағы көппәтерлі үйдің тұрғындарымен тікелей байланыста болып, олардың нақты сұраныстарын жақсы білесіздер, халықтың үнін жергілікті билікке жеткізесіздер. Сіздердің тәжірибелеріңіз бен кері байланыстарыңыз – аса маңызды», – деді Шолпан Каринова.

Осы орайда, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару мәселелері әлеуметтік тұрғыдан аса маңызды екенін тілге тиек етіп, халықтың мемлекеттік органдарға деген сенім деңгейіне тікелей әсер ететінін жеткізді. Оның айтуынша, басты міндеттердің бірі – көпқабатты тұрғын үйлерді басқару ісіндегі ашықтықты күшейту, тұрғындардың сенімін арттыру және жаңа басқару мәдениетін қалыптастыру.
«Көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару мәселелері әлеуметтік тұрғыдан аса маңызды болып қала береді және халықтың мемлекеттік органдарға деген сенім деңгейіне тікелей әсер етеді. Осы бағытта облыста тұрғын үй қорын басқару саласындағы реформаларды жүйелі түрде іске асыру арқылы, басқару субъектілерінің жауапкершілігін, ашықтығын және қызмет тиімділігін арттыруға бағытталған шаралар қабылдануда. Облыс аумағында 2 101 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның ішінде 1921 тұрғын үй кондоминиум нысаны ретінде тіркеуге жатады, оның ішінде 1 811 үй тіркелген. Жыл соңына дейін қалған 110 көппәтерлі тұрғын үйді тіркеу жоспарлануда», – деді Ербол Қарашөкеев.

Сондай-ақ, жиында Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров елімізде әлеуметтік-экономикалық даму мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытында маңызды заңнамалық шешімдер қабылданып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, өзекті мәселелер Парламент Мәжілісінде тұрақты түрде қаралады.
Сонымен қатар Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев көпқабатты тұрғын үйлерді басқару саласындағы қордаланған мәселелерді көтеріп, оларды министрлік пен «AMANAT» партиясының «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында шешу жолдары қарастырылып жатқанын жеткізді.
Бұдан бөлек, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков облыс орталығында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын дамыту және көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Форум барысында пәтер иелері кооперативі ассоциациясы төрағасының орынбасары Елена Цой және «Ел аман-2023» басқарушы компаниясының директоры Мирасхан Дауылбаев сөз сөйлеп, «TURGYNDAR AMANATY» жобасы тұрғындардың мүдделерін қорғауға, көппәтерлі үйлерді басқару жүйесін жетілдіруге және қоғамдық бақылауды күшейтуге бағытталған маңызды бастама екенін атап өтті. Сондай-ақ алдағы уақытта партиямен бірлесіп жұмыс жүргізетіндерін жеткізді.
Форум жұмысы оқыту семинарымен жалғасты. Онда қатысушылардың практикалық білімін жетілдіруге және олардың жаңа дағдыларды меңгеруіне жағдай жасалды.