Ертеңнен бастап отандық арналар HD форматына ауысады

Ертеңнен бастап отандық арналар HD форматына ауысады

Ертеңнен бастап отандық арналар HD форматына ауысады
ашық дереккөзі
2017 жылғы 25 сәуірден бастап жерсеріктік OTAU TV телевизиясы желісіндегі «Хабар» мен «Қазақстан» телеарналары HD форматта жұмыс жасайтын болады, – деп хабарлайды 24.kz арнасы «Қазтелерадио» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып. 2016 жылғы маусым айында OTAU TV желісінде KAZsport телеарнасы жоғары айқындық форматында іске қосылған, бұл көрермендерге әлемдік жетекші спорттық оқиғаларды жоғары бейне және дыбыс сапасында көруге мүмкіндік берді. «Біз жерсеріктік OTAU TV телевизиясының 1 миллионнан астам жанұя абоненттері тек шетелдік қана емес, сондай-ақ отандық телеарналарды HD форматта көру мүмкіндігін алатынына қуаныштымыз. Бүкіл команда жұмысының басты мақсаты – абоненттерімізге ұсынатын жоғары бейне және дыбыс сапасы. Сөздің реті келіп тұрғанда айта кетейік, осы жылдың наурыз айында біз алғашқы қазақ тілді контентте шетелдік Discovery Showcase HD телеарнасын іске қостық», – дейді «Қазтелерадио» АҚ Коммерциялық директоры Қуаныш Шамшатов. Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылғы 27 сәуірде жерсеріктік «OTAU TV», цифрлық эфирлік және интернет-телевизия «Galam TV» желілерінде «Ел Арна» телеарнасы SD форматта хабар таратуын бастаған болатын. Телеарнаның жаңартылған тұжырымдамасы – бұл кең көрермен аудиториясына отандық киноөндірушілердің көркем және деректі туындыларын жеткізу мүмкіндігі. «Қазтелерадио» акционерлік қоғамы – тұрғындарды эфирлік және жерсеріктік желілер арқылы телевизия және радиохабар бағдарламаларын қабылдаумен қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасының телерадио хабарларын тарату саласындағы Ұлттық операторы. Соңғы деректер бойынша, «Қазтелерадио» АҚ иелік ететін жерсеріктік OTAU TV телевизиясы абоненттерінің саны 1,2 млн құрайды. Аналогтық хабар таратудан цифрлық эфирлік телевизияға (ЦЭТВ) көшіру арқылы «Қазтелерадио» АҚ еліміздің халқының 77,5 пайызын 15-тен 30-ға дейінгі арналарды қабылдауға мүмкіндік берді. Маңғыстау, Алматы, ОҚО, және Жамбыл облыстарында цифрлық эфирлік телевизия желісінің құрылысы толығымен аяқталды.