Қызылорда облысы «Кітап оқитын ұлт» жобасының эстафетасын қабылдап алды

Қызылорда облысы «Кітап оқитын ұлт» жобасының эстафетасын қабылдап алды

«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында басталған игі дәстүр жаңа серпін алып, еліміздің барлық өңірлерін қамтитын ауқымды қозғалысқа ұласты. Абай облысының әкімі Берік Уәли жолдаған «кітап аманатын» Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ресми түрде қабылдап алды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өткен аптада Абай облысының әкімі Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романын жолдаған еді. Шараның маңыздылығы сол - дәл бүгін қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Қабдеш Жұмаділовтің туғанына 90 жыл толып отыр. Осы айтулы датаға орай «Хабар» арнасының таңғы тікелей эфирінде аталған шығарма бойынша арнайы сұрақтар қойылып, дұрыс жауап берген көрерменге бағалы сыйлық табыс етілді. Бұл жолғы марапатқа Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ақсеңгір ауылының тұрғыны Қызырхан Құндыз ие болды.

Рухани үрдісті жалғастыру мақсатында сөз алған Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр өңірінің тумасы, Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» кітабын ұсынып, келесі «кітап аманатын» Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға жолдады.

Көрермендер назарына: Келесі жұма күні сағат 07:00-09:00 аралығында «Хабар» арнасының таңғы эфирінде Ә. Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романы бойынша викторина өтеді. Жеңімпазды тағы да бағалы сыйлық күтеді.

«Кітап оқитын ұлт» жобасы - жаппай кітап оқу мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, қазақ қаламгерлерінің еңбегін ұлықтауды және ұлттық әдеби мұраны дәріптеуді көздейтін бірегей бастама.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары