«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар өңірлердегі нақты мәселелерді шешуге бағытталған. Соның айқын дәлелдерінің бірі – Атырау қаласына қарасты Алмалы ауылында салынған жаңа мәдениет үйі. Бүгінде бұл нысан ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет етіп, елді мекеннің рухани-мәдени өмірін жандандыратын орталыққа айналды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алмалы ауылында шамамен 3500-ге жуық адам тұрады. Бұған дейін тұрғындар 1967 жылы салынған ескі мәдениет үйін пайдаланып келген. Уақыт өте келе жаңа, заманауи нысанға деген қажеттілік артты. Осы мәселе партияның сайлауалды бағдаламасы аясында жүйелі түрде шешімін тапты.
2024 жылы ауылда мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары басталды. Партияның тұрақты бақылауының арқасында нысанның құрылысы белгіленген мерзімде аяқталып, тұрғындар игілігіне 200 орындық жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Екі қабатты ғимаратта 14 кабинет қарастырылған. Олардың қатарында би және домбыра үйірмелеріне арналған арнайы залдар, кітапхана, дайындық бөлмелері және балалар мен жастардың шығармашылығын дамытуға арналған кеңістіктер бар. Сонымен қатар нысан аумағы толық абаттандырылып, мәдени іс-шараларды өткізуге барлық қолайлы жағдай жасалған.
Жаңа орталықтың іске қосылуы ауылдағы мәдени өмірге тың серпін берді. Бүгінде онда би, сурет, домбыра және өзге де бағыттар бойынша үйірмелер тұрақты түрде әрі тегін жұмыс істейді. Аз уақытта жүздеген бала осы үйірмелерге тартылып, өз қабілеттерін дамытуға мүмкіндік алды. Осылайша елді мекенде заманауи ғимараттың бой көтеруі ауыл инфрақұрылымын жаңғыртудағы маңызды қадам болды.

Сонымен қатар мәдениет үйі ауыл тұрғындарының бастамаларын жүзеге асыратын алаңға айналды. «Маусымжан» әжелер мен келіншектер ансамблінің құрылуы – соның айқын дәлелі. Аталған ансамбль И.Жақановтың 90 жасына орай ұйымдастырылған «Ән – ғұмырдың алтын арқауы» байқауында арнайы Алғыс хатпен марапатталды. Ал небәрі екі ай бұрын құрылған «Шаттық» би тобы алдағы уақытта Ташкент қаласында өтетін халықаралық өнер байқауына қатысуға дайындалуда.
Мәдениет үйінің басшысы Алла Жакиева атап өткендей, нысан балалар мен жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға толық мүмкіндік беріп отыр. Үйірмелер жүйелі түрде жұмыс істеп, қатысушылар саны күн сайын артып келеді. Бұл өз кезегінде ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және олардың өнерге деген қызығушылығын арттыруға ықпал етуде.
Жалпы, Алмалы ауылындағы жаңа мәдениет үйі қысқа мерзімде ауылдың рухани-мәдени орталығына айналып үлгерді. Мұнда түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрғындардың қоғамдық белсенділігі арта түсті.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында 2023–2027 жылдар аралығында Атырау облысында 8 мәдениет нысанын салу және 56 мәдениет нысанына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бүгінде бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, елді мекендердің мәдени инфрақұрылымын дамытуға нақты үлес қосуда.