Мумияның ішінен "Илиаданың" бір парағы табылды

/
Мумияның ішінен "Илиаданың" бір парағы табылды
cурет: arkeonews.net

Мысырдың Минья провинциясындағы Оксиринх археологиялық кешенінде жүргізілген қазба жұмыстары күтпеген жаңалыққа алып келді. Ғалымдар рим дәуіріне тиесілі жерлеу орнын зерттеу барысында мумияның ішінен Илиада шығармасының папирусқа жазылған үзіндісін тапқан, деп хабарлайды turkystan.kz arkeonews.net-ке сілтеме жасап.

Қазба барысында үш әктас камера анықталған. Олар уақыт өте қатты бүлінгенімен, ішінен сирек кездесетін жерлеу рәсімдерінің іздері табылды. Атап айтқанда, керамикалық ыдыстарда кремацияланған адам сүйектері болған – бұл ежелгі Мысыр үшін әдеттен тыс құбылыс. Сонымен қатар, сәбилердің сүйектері мен матамен оралған мысықтардың бас сүйектері де табылған.

Археологтар мұндай рәсімдер рим дәуірінде қалыптасқан мәдени араласудың белгісі екенін айтады. Яғни, дәстүрлі мысырлық мумиялау мен жаңа кремация дәстүрі қатар қолданылған.

Жерлеу орнынан табылған артефактілердің қатарында құдайлар мүсіндері де бар. Соның ішінде Гарпократ бейнесі ерекше назар аудартады. Ол – ежелгі мысырлық Гор құдайының грекше бейнесі, рим дәуірінде үнсіздік құдайы ретінде танылған. Сондай-ақ Купидонның шағын мүсіні табылған.

Ең ерекше олжа – мумияның ішінен табылған папирус. Онда «Илиаданың» екінші кітабындағы әйгілі «Кемелер тізімі» бөлімі жазылған. Бұл үзіндіде Трояға аттанған грек әскерлері сипатталады.

Ғалымдардың айтуынша, классикалық грек әдебиетінің мәтінін мумияның ішінен табу – өте сирек құбылыс. Бұл сол кезеңдегі жергілікті элитаның тек грек мәдениетінің ықпалында болып қана қоймай, оның әдеби дәстүрімен де тығыз байланыста болғанын көрсетеді.

Сонымен қатар бұл жаңалық ежелгі қоғамдағы мәдени сабақтастық пен өзгерістердің қалай қатар жүргенін айқын көрсетіп отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары