Қызылорда облысы Қазалы ауданының тұрғындары жол сапасына қатысты түрлі шағым түсіріп, наразылығын білдірген болатын, деп хабарлайды turkystan.kz.
2024 жылы орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген Әйтеке би көшесі биыл қайта қалпына келтірілді. Бұл шешім өткен жылғы жөндеу жұмыстарының сапасына жүргізілген зерделеу нәтижесінде қабылданды. Атап айтқанда, асфальт жабынының бірқатар бөліктерінде ыдырау, ой-шұқырлардың пайда болуы сияқты кемшіліктер анықталған.
Бұл мәселе әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланыпп, тұрғындар тарапынан сын-пікірлер айтылды. Осыған байланысты аталған түйткіл «AMANAT» партиясы Қазалы аудандық филиалы Партиялық бақылау комиссиясының отырысында қаралып, жол құрылысы жұмыстарына жүйелі және тұрақты бақылау жүргізу туралы тиісті шешім қабылданды.
Бұған дейін мердігер ұйымға бірнеше рет ескерту беріліп, ішкі мемлекеттік аудит қорытындысы негізінде іс сотта қаралған. Нәтижесінде мердігер ұйым жолды өз қаражаты есебінен қайта қалпына келтіруге міндеттелді. Қазір қайта жаңғырту жұмысты басталып, тиісті шаралар жүзеге асырылуда.

Осы орайда, Партиялық бақылау комиссиясының өкілдері нысанға арнайы барып, құрылыс жұмыстарының барысына мониторинг жүргізді. Комиссия құрамында жол және құрылыс саласында тәжірибесі бар аудандық мәслихат депутаттары бар. Олар мердігер ұйымға құрылыс сапасын арттыру, технологиялық талаптарды қатаң сақтау және жұмысты белгіленген мерзімде аяқтау бойынша нақты ұсыныстар берді.
Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Әділбек Сарабеков бұл мәселенің өзектілігіне ерекше назар аударды.
«Жол сапасы – тұрғындар үшін аса маңызды мәселе. Былтыр бұл көшедегі жолға қатысты бірнеше рет шағым түсті. Сондықтан қазір басты талап – барынша сапалы жол істеу. Халық игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыс уақытылы әрі белгіленген талаптарға сай аяқталуға тиіс. Жоба толық жүзеге асқанға дейін партиялық бақылауда болады», – деді ол.
Бүгінде жолдың бірқатар бөлігі толық аяқталған, ал қалған учаскелерде құрылыс жұмыстары жалғасуда. «Строй Модуль - Астана» ЖШС өкілдерінің мәліметінше, нысанды биыл мамыр айының соңына дейін толық пайдалануға беру жоспарланып отыр. Партиялық бақылау комиссиясы аталған жобаның тұрақты бақылауда екенін атап өтіп, алдағы уақытта да құрылыс сапасы мен мерзімінің сақталуы қатаң қадағаланатынын жеткізді.
