Продюсер Баян Алагөзова "Қыз Жібек" фильмінде пайдаланылған, актриса Меруерт Өтекешова киген әйгілі камзолға қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ол бұл жәдігердің ұзақ жылдар бойы ешкімнің назарында болмағанын айтып, таңданысын жасырмады.
"Қандай да бір себептермен бұл камзолдың 50 жылдан астам уақыт бойы ешкімге керегі болмады. Оны ешкім есіне де алған емес. Неге 30 жыл бойы ешкімнің ойына да келмеді? Ал ұлы картинадағы костюмдер қайда? Оларды кім сақтады? Ешкім сақтаған емес. Өйткені олардың ешкімге керегі болмады", – деді Баян Алагөзова.
Продюсердің сөзінше, камзолды осы уақытқа дейін бір әйел өз үйінде сақтап келген.
"Ол ешбір қағазда немесе баланста жоқ. Камзолды бір керемет әйел өз үйінде сақтап келген. Енді ол камзол сенімді адамның қолында болғанын қалады", – дейді ол.
Сондай-ақ Баян Алагөзова камзолды әйел өз еркімен тапсырғанын айтып, болашақта оны елге танытуды көздеп отырғанын жеткізді.
"Мен бұл киімнің дәлме-дәл көшірмелерін тігемін. Фильммен бірлесіп, оны жасанды интеллект арқылы әдемі көрсетемін. Немесе мұражайға сыйға тартамын. Сол жерде ілулі тұрсын", – деді продюсер.
Оның айтуынша, бұл жәдігердің нақты бір мекемеге тиесілі екенін дәлелдейтін ешқандай құжат жоқ.
"Бұл камзолдың "Қазақфильмге" немесе басқа біреуге тиесілі екенін дәлелдейтін бірде-бір құжат жоқ. Сондықтан осы сұлулықты танымал ету үшін барымды саламын", – деп түйіндеді ол.
Еске салайық, бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрлігі "Қыз Жібек" фильмінде пайдаланылған әйгілі камзолға қатысты арнайы мәлімдеме жасаған еді.