Абай облысының Мақаншы ауданында шетелдік азаматтың денесі табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол жазатайым оқиға салдарынан көз жұмған, деп turkystan.kz тілшісі КТК телеарнасының сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Телеарна дерегінше, 33 жастағы Өзбекстан азаматының мәйіті таулы аймақтан табылған. Болжам бойынша, ер адам жартастан құлап кеткен.
Қайғылы жағдай Мақаншы ауданындағы Барлықарасан ауылы маңында болған. Шетелдік азамат бес күн бұрын тауға шығып, қайта оралмаған.
Алғашында оны танысы өз бетінше іздеген, алайда үш күн өткен соң полицияға хабар берген. Іздестіру жұмыстарына 90-нан астам адам – полиция қызметкерлері, шекарашылар, құтқарушылар және табиғатты қорғау инспекторлары жұмылдырылған.
Нәтижесінде ер адамның мәйіті табылды.
Белгілі болғандай, ол өңірге демалыс және санаторлық ем алу мақсатында келген.
"Ер адамның денесі жартастың етегінен табылды. Алдын ала болжам бойынша, бұл – жазатайым жағдай", – деп мәлімдеді полиция.