Шамадан көп тұз есте сақтау қабілетін нашарлатады – зерттеу

/
Шамадан көп тұз есте сақтау қабілетін нашарлатады – зерттеу
сурет: istockphoto.com

Аустралиядағы Edith Cowan University ғалымдары тағамдағы тұздың көп болуы адамның эпизодтық жадысына кері әсер ететінін анықтады. Бұл – адамның жеке өміріндегі оқиғаларды, өткен сәттерді еске сақтау қабілеті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, тұзды көп тұтынатын адамдардың есте сақтау қабілеті нашарлайды. Әсіресе бұл әсер ер адамдарда айқын байқалған: оларда жадының әлсіреуімен қатар қан қысымының жоғарылауы жиірек тіркелген. Ал әйелдер арасында мұндай байланыс анықталмаған.

Зерттеуді жүргізген Саманта Гарденер бұл құбылыстың нақты механизмі толық түсіндірілмегенін айтады. Дегенмен, тұздың артық мөлшері ағзада қабыну процесін күшейтіп, қан тамырларын зақымдап, миға баратын қан айналымын нашарлатуы мүмкін деген болжам бар.

Ғылыми жұмыс 72 айға созылып, 1 200-ден астам адамды қамтыған. Нәтижелер тұз бен когнитивті функциялар арасында нақты байланыс бар екенін көрсеткенімен, ғалымдар бұл бағыттағы зерттеулерді жалғастыру қажет екенін атап өтті.

Дәрігерлер ересек адамдарға күніне 2000 мг-нан артық натрий тұтынбауды ұсынады – бұл шамамен бір шай қасық тұзға тең. Мұндай мөлшер 3–4 тілім пиццада немесе екі бургерде-ақ болуы мүмкін.

Мамандардың айтуынша, дұрыс тамақтану тек жүрекке емес, мидың саулығына да тікелей әсер етеді. Тұзды шектеп тұтыну – есте сақтау қабілетін сақтаудың және деменцияның алдын алудың қарапайым, бірақ маңызды жолдарының бірі.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар