Шекспир Лондонда нақты қай үйде тұрғаны анықталды

/
Шекспир Лондонда нақты қай үйде тұрғаны анықталды
сурет: aol.com

Лондондағы Блэкфрайарс ауданынан ағылшын драматургі Уильям Шекспирге тиесілі жалғыз үйдің нақты орны анықталды. Бұл жаңалықты King’s College London профессоры Люси Манро ашқан, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеуші бұрын белгісіз болған үш тарихи құжатты тапқан, соның ішінде 1668 жылы жасалған Блэкфрайарс аумағының жоспары бар. Бұл құжат Ұлы Лондон өртінен кейін әзірленген және Шекспир 1613 жылы сатып алған үйдің нақты орнын растаған.

Анықталған деректерге сәйкес, үй қазіргі Айрленд-Ярдтың шығыс бөлігі, Бургон-стриттің төменгі жағы және Сент-Эндрюс-Хилл көшесіндегі кейбір ғимараттардың орнында орналасқан. Бұған дейін сол маңда тұрған ескерткіш тақта тек «жақын жерде» деп есептелсе, енді ол дәл Шекспир үйінің орнында тұрғаны белгілі болды.

Үйдің аумағы шағын болған: шамамен 14 метр ұзындықта, ал ені 4–5 метр аралығында. 1645 жылға қарай ғимарат екі бөлікке бөлінген.

Кейін бұл мүлікті Шекспирдің немересі Элизабет Холл Нэш Барнард 1665 жылы сатып жіберген. Алайда арада бір жыл өткен соң, 1666 жылғы алапат өрт кезінде үй толық жойылған.

Бұл жаңалық драматургтің өмірінің соңғы кезеңіне қатысты түсінікті өзгертеді. Бұған дейін ол Лондоннан кетіп, толықтай Стратфорд-апон-Эйвонда тұрған деп есептелген. Енді ғалымдар Шекспир Лондонға жиі келіп тұрған, тіпті кейбір шығармаларын осы үйде жазған болуы мүмкін деген болжам айтып отыр.

Соның ішінде Two Noble Kinsmen пьесасының бір бөлігі дәл осы жерде жазылған болуы ықтимал.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар