Әнші Бақыт Тұрман қазіргі қоғамдағы психологтар мен коучтардың жұмысына қатысты пікір білдіріп, олардың бағытын өзгерту қажет екенін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Өнер иесінің айтуынша, бүгінгі таңда көптеген мамандар тек әйелдерге кеңес беруге басымдық беріп кеткен.
«Қазіргі толған психолог-коучтарға айтарым, бағыттарыңызды кішкене өзгертіңіздер. Еркек жаққа қарай ауыстырыңыздар. Әйелдердің миын ашытып болдыңыздар. Байитын әйел әлдеқашан байитын еді. Ол еркексіз қалай байиды?» – деді әнші.
Сондай-ақ ол әйелдердің түрлі кеңестерді тыңдап, оны отбасында жүзеге асыруы кейде нәтиже бермейтінін атап өтті.
«Сіздерді оқып алып үйге келеді, ал еркегі ешқандай сөзге көнбейтін болса, қайдан байиды ол әйел? Қалай бақытты болады ол әйел?» – деп ойын жалғады ол.
Әнші бұл ретте ер азаматтардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу қажеттігін жеткізді.
Оның пікірінше, қоғамда жауапкершілікті ерлерді қалыптастыру маңызды.
«Сондықтан екі жақты ойлайық. Енді еркектерге бағыттаңыздар, тәрбиелеңіздер. Әр ата-ана ұл өсіріп отырса, күнде айтсын: “Өзіңнен шыққан нәрсеге, айтқан сөзіңе жауап бер” деп. Далада жатқан бала жоқ. Кімнен туса да әкесін білу керек», – деді Бақыт Тұрман.