Нартай Сәрсенғалиев: Билер институтының абыройын бүгін кім көрінген жамылып кеткен жоқ па?

/
Нартай Сәрсенғалиев: Билер институтының абыройын бүгін кім көрінген жамылып кеткен жоқ па?
сурет: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Премьер-Министр Олжас Бектенов атына билер институтының қазіргі қызметіне қатысты депутаттық сауал жолдады. Депутат бұл мәселенің қоғамдағы құқықтық тәртіп пен бірлікке тікелей әсер ететінін атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сәрсенғалиевтің айтуынша, тарихи тұрғыда билер әділдік пен даналықтың символы болғанымен, бүгінде «би» атауын жамылған кейбір ұйымдардың әрекеті қоғамда түсінбеушілік туғызып отыр. Ол әлеуметтік желілерде тараған бірқатар мысалдарды келтіріп, өзін «билер алқасы» деп таныстырған топтардың даулы әрі заңға қайшы әрекеттері халық арасында алаңдаушылық тудырғанын жеткізді.

Мәселен, өздерін билер алқасы деп атайтын бір топтың «ата-бабамыздың күнәсі үшін кешірім сұраймыз» деп ақ боз атты құрбандыққа шалған бейнежазбасын көріп жаға ұстадық. Ғайыппен арадағы порталдың есігін жабамыз дегендердің әрекеті есікті қайдам елдің есін алды, артынша ағайын мемлекеттік органдарға арыз жазған еді. Бірақ одан нәтиже болмады. Немесе өзін «билер ұйымының мүшесімін, заңгермін» деп таныстырған адамды адвокат ретінде жалдаған азаматша артынша «алдандым, ол адамның лицензиясы да жоқ екен» деп арызданғаны елдің есінде. Көпке топырақ шашпаймыз, алайда аталған ақпараттар бұрын «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп адалдығы алдыға шыққан билер институтының абыройын бүгін кім көрінген жамылып кеткен жоқ па деген мәселені көтеруге мәжбүрлейді, - деді депутат.

Депутаттың дерегінше, қазіргі таңда Қазақстанда 3 республикалық және 17 жергілікті билер ұйымы тіркелген, олардың мүшелері мыңдап саналады. Алайда мәселе олардың санында емес, құқықтық жүйемен қатар «төрелік айтуға» ұмтылуында болып отыр.

Қазір заман басқа, заң басқа. Заң бұзушылық орын алса оны тексеретін, тергейтін құқық қорғау орындары  бар. Тергеудің қаншалықты әділ өткенін қадағалайтын мемлекеттік орган және жұмыс істеп тұр. Іс сотқа жетпей шешілсін дегендерге медиация және бар. Әрі қарай сот үкімі, жаза басқан адамның жазасын өтеу тәртібі бәрі нақты белгіленген. Сондықтан Һәкім Абайша айтқанда «Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын?» – деп әркімнің әртүрлі шешім шығаруын доғаратын кез келді. Қоғамдық ұйымның заңға сәйкес өзіндік жұмыс істеу ережелері мен темірдей тәртібі бар. Сондықтан адамның құқығын қорғайтын мемлекеттік мекемелер толыққанды қызметін атқарып тұрған елде қоғамдық ұйым біткеннің төрелік айтуын, құқықтық мәселелерді шешуін тоқтату керек. Себебі мұндай әрекеттер заң бұзушылықты анықтайтын, оны тергейтін, шешім шығаратын ресми құқық қорғау органы ма, әлде қоғамдық ұйым ба деген екіұдай пікір тудыруы мүмкін, - деді ол.

Нартай Сәрсенғалиев қазіргі заманда құқықтық дауларды шешудің нақты институттары бар екенін атап өтті. Оның сөзінше, құқық бұзушылықтарды тергеу – құқық қорғау органдарының, ал шешім шығару соттың құзырында. Бұдан бөлек, дауларды сотқа дейін реттеу үшін медиация тетіктері жұмыс істейді.

Осыған байланысты депутат бірнеше ұсыныс білдірді:
– «билер», «билер кеңесі» атауын қолданатын ұйымдардың заң талаптарын сақтауын тексеру;
– олардың мемлекеттік және квазимемлекеттік органдардың функцияларын қайталамауын қадағалау;
– құқық қорғау органдарының құзыретіне жататын мәселелерге қоғамдық ұйымдардың араласуына жол бермеу;
– қоғам бірлігіне нұқсан келтіретін әрекеттерге құқықтық баға беру.

Сөз соңында Нартай Сәрсенғалиев қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидаты үстем болуы тиіс екенін атап өтіп, құқықтық мемлекет жағдайында барлық мәселе заң аясында шешілуі қажет екенін жеткізді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар