Токиода Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің өкілдері жапондық JEOL Ltd. және Interactive Corporation компанияларымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Құжат ғылыми әріптестікті дамытуға, университеттің ғылыми және зертханалық базасын нығайтуға, сондай-ақ технологиялар мен инновациялар саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған. ЕҰУ атынан меморандумға академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай қол қойды.
Келісімге сәйкес, тараптар бірқатар бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамытуға ниетті. Атап айтқанда, заманауи ғылыми жабдықтарды сатып алу, консультациялық-сараптамалық қолдау көрсету, семинарлар мен воркшоптар өткізу, сондай-ақ мамандандырылған тренингтер ұйымдастыру көзделген.
«Құжатқа қол қою Қазақстан мен Жапония арасындағы ғылым, білім және жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты тереңдету бағытын айқындайды. Жасалған меморандум ЕҰУ үшін зерттеу инфрақұрылымын жаңғыртуға, құзыреттер алмасуға, заманауи аналитикалық шешімдерді енгізуге және жоғары білікті мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл университет үшін халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және өз позициясын нығайту жолындағы маңызды қадам», - деп атап өтті проректор Ардақ Бейсенбай.

JEOL Ltd. – ғылыми-өлшеу және зерттеу жүйелері саласындағы халықаралық көшбасшы компания, ал Interactive Corporation – аталған компанияның ТМД елдеріндегі ресми дистрибьюторы.
Меморандумға қол қою ЕҰУ делегациясының Жапонияға жұмыс сапары аясында өтті. Делегация құрамында академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай, Физика-техникалық ғылымдар институтының директоры Ерік Нұрмолдин, сондай-ақ Ядролық физика, жаңа материалдар және технологиялар халықаралық кафедрасының меңгерушісі Қасым Жұмаділов болды.
Сапар барысында университет өкілдері Токио университеті мен Цукуба университетіне барып, профессор-оқытушылар құрамымен кездесулер өткізді.
Тараптар алдағы ынтымақтастықтың перспективаларын, соның ішінде бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, зерттеу зертханаларын ашу және халықаралық білім беру бағдарламаларын іске қосу мәселелерін талқылады. Сонымен қатар студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығы, оның ішінде тағылымдамалар мен алмасу бағдарламаларына ерекше назар аударылды.
Кездесуге қатысушылар ғылымды дамыту, жоғары білікті мамандар даярлау және озық технологияларды экономикаға енгізу үшін бірлескен зерттеулердің маңыздылығын атап өтті.
Жұмыс сапары мен меморандумға қол қою Еуразия ұлттық университетінің халықаралық ынтымақтастығын нығайту және оның ғылыми-білім беру мүмкіндіктерін кеңейту жолындағы маңызды қадам болды.