Түркістан облысында «AMANAT» партиясының «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» семинар-форумы өтті. Оның барысында көппәтерлі тұрғын үйлердегі түйткілді мәселелерді шешу, тұрғындарға жайлы жағдай жасау бағытындағы байыпты бастамаларға баса назар аударылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Өз кезегінде, «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев аталған жобаның мәні мен маңызына тоқталып, артықшылығы туралы баяндады. Оның айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын басқарудың жаңа моделін қалыптастыруды көздейтін реформалар әрбір қала тұрғынының өмір сапасына тікелей әсер етеді. Жоба тарифтерге, абаттандыруға, жарықтандыруға, лифтілерге, интернетке, қауіпсіздік мәселелеріне қатысты жүйелі шешімдер қабылдануына ықпал етеді.
«AMANAT» партиясының бастамасымен өңірлерде көппәтерлі тұрғын үйлерге қатысты өзекті мәселелерді шешуді көздейтін «TURGYNDAR AMANATY» жобасы қолға алынды. Түркістан облысында құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Мысалы, облыс орталығы – Түркістан қаласында жаңа шағын аудандардың іргесі қаланып, 422 тұрғын үй бой көтерді. Біз бүгін Түркістан облысында мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтері төрағаларының қатысуымен осы жобаны талқылап, алдағы бірлескен жұмысымыздың басым бағыттарын айқындау үшін жиналып отырмыз», – деді ол.

Оның айтуынша, жобаның басты мақсаты – қолайлы, қауіпсіз, жайлы әрі заманауи қалалық орта қалыптастыру және тұрғындардың белсенділігін арттыру. Бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізілуде. Жыл басынан бері осындай форум-семинарлар Қарағанды, Ақмола, Павлодар облыстарында өтіп, өз тиімділігін көрсетті. «AMANAT» партиясы бұл бағытта «OSI-SKILLS» форматында МИБ, ПИК төрағаларына оқыту-семинарларын ұйымдастыру, олардың жұмысын жүйелейтін қалалық кеңестер құру, депутаттардың тұрғындар алдында есеп беруін жолға қою, қала әкімдіктерімен меморандум жасау, «Таза Қазақстан» акциясы аясында абаттандыру жұмысын ұйымдастыру, халық қатысатын бюджет бағдарламасын іске асыру, үздік тұрғын үйлерді анықтайтын байқаулар өткізу, тұрғын үйді басқару ұйымдарының санатынан кадрлық резервті жасақтау және бастауыш партия ұйымдарын құру бастамаларын жүзеге асырады. Сондай-ақ басқосу барысында «TURGYNDAR AMANATY» жобасы шеңберінде Түркістан облысында фронт-офис ашу мәселесіне де баса мән берілді.

Осы орайда, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бұл басқосу өңірдегі тұрғын үйді басқару жүйесін жетілдіруге, өзекті мәселелерді ортаға салып, тиімді шешімдер қабылдауға тың серпін береріне сенім білдірді. Өңір басшысының айтуынша, қоғамдағы өзекті тақырыптардың бірі – көппәтерлі тұрғын үйлерді тиімді басқару.
«Бүгінде облыс аумағында 1 877 көппәтерлі тұрғын үй бар. Соның ішінде, 1 620 тұрғын үй кондоминиум нысаны ретінде тіркелсе, 243 үй – коммуналдық меншікте. Облыс орталығы – Түркістан қаласында көппәтерлі тұрғын үйлерді мүлік иелерінің басқару моделіне көшіріп, сервистік қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеруді жоспарлап отырмыз. Осы күні облыс орталығында 4 басқарушы компания мен 7 сервистік қызмет көрсету мекемелері тұрғындарға тиімді қызмет көрсетіп келеді. Бұл ретте «TURGYNDAR AMANATY» жобасы тәжірибе алмасу, өзекті мәселелерді талқылау және тиімді шешімдер қабылдау үшін маңызды мүмкіндік», – деді ол.

Бұл ретте, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұрсұлтан Байтілесов Түркістан облысы еліміздегі қарқынды дамып жатқан өңірлердің бірі екенін айтып, өңірде ауыл шаруашылығы саласында, инфрақұрылымды жаңғырту ісінде, әлеуметтік салада жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанына тоқталды.
«AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының саяси тірегі ретінде барлық бастаманы өңірлерде ойдағыдай іске асыруға, халыққа түсіндіру және ашық талқылау жұмысын жүргізуге ерекше мән беріп келеді. Бұл – қабылданған шешімдердің нақты нәтиже көрсетуінің маңызды шарты. Осы ретте, ел Президенті тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғыртуды стратегиялық басымдық ретінде айқындады. Инфрақұрылымды басқарудың тиімді, ашық әрі жауапты жүйесін қалыптастыру жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Осы міндеттер «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының заңы аясында жүйелі жүзеге асырылуда. Аталған заң 2025 жылы 15 шілдеде қабылданды, 15 қыркүйектен бастап күшіне енді», – деді ол.
Депутаттың айтуынша, бұл өзгерістер тұрғын үйді басқару жүйесіндегі ережелерді түбегейлі жаңартып, жаңа талаптар мен жауапкершілік деңгейін қалыптастырды. Бұл тек салалық реформа емес, бұл – әр азаматтың өмір сапасына тікелей әсер ететін жүйелі өзгеріс. Оның пікірінше, елімізде тұрғын үй ауласын абаттандыру, коммуналдық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, қауіпсіздік деңгейін күшейту және шаруашылық басқаруды жетілдіру бағытында кешенді жұмыстар қолға алынуда. Алайда бұл бастамалар тек инфрақұрылымды жақсарту ісімен шектелмеуге тиіс. Олар тұрғындардың өз ортасына деген жауапкершілігін, қоғамдық белсенділігін арттыруға негіз болуы маңызды.

Бұл кездесу ең алдымен кәсіби тұрғыда тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді ашық талқылауға, тұрғындардың сұранысын ескере отырып, басқару сапасын арттыруға мүмкіндік берді. Семинар-форум сұрақ-жауап форматында жалғасып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен тұрғын үйлерді басқару саласында кездесетін нақты проблемалар жан-жақты қаралды. Жергілікті тұрғын үйлерді басқарушы компаниялардың өкілдері, МИБ төрағалары, сала мамандары мен тәуелсіз сарапшылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, тың шешімдері мен ұтымды ұсыныстарын ортаға салды.
Жиында сервистік мекемелердің қызмет тарифін қайта қарау, мүлік иелері бірлестіктеріне қатысты салық жеңілдіктерін ұсыну, тұрғын үй басқарушы компаниялар жетекшілерінің біліктілігін арттыру, өзара тәжірибе алмасу үшін жағдай жасау мәселелері бойынша түрлі сауал қойылды. Тұрғын үй жалдап тұратын азаматтар жалпыға бірдей тәртіп негізінде мүлік иелері бірлестіктеріне жарна төлеуі қажет екені айтылды. Тұрғын үйді басқару мәселелеріне қатысты ұсыныстар жолдауға мүмкіндік беретін бірыңғай ақпараттық жүйе қалыптастыру, жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлер сапасына қатысты заң талаптарын күшейту сынды ұсыныстар көтерілді.
Осылайша, бұл диалог алаңы тұрғындардың талап-тілегі мен ұсыныстарын тыңдауға, сенімді нығайтуға мүмкіндік берді.
Айта кетейік, осы облыстағы көпқабатты тұрғын үйлер негізінен Түркістан, Арыс, Кентау, Леңгір, Жетісай, Сарыағаш қалалары мен аудан орталықтары саналатын ірі елді мекендерде шоғырланған. Партияның Түркістан облыстық филиалына 2025 жылы 15 687 арыз-өтініш келіп түссе, соның 6 314-і немесе барлық өтініштердің 40,2 пайызы – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселесіне қатысты болды. 2026 жылы І-тоқсанда облыстық партия филиалы 3 310 арыз-шағымды назарға алды. Оның 1 437-сі немесе барлық өтініштің 43,4 пайызы – тұрғын үй қатынастары саласына қатысты болып отыр. Сондықтан осы семинар-форум мазмұнды әрі пайдалы алаңға айналып, бұл бағыттағы жұмысты жүйелеуге, түйткілді мәселелерді тиімді шешу жолдарын қарастыруға нақты мүмкіндік берді.