Американың Хьюстон қаласында алғаш рет Наурыз мерекесі кеңінен атап өтілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Qazaq Texas Foundation ұйымдастыруымен өткен мерекелік концертте қазақстандық әншілер, атап айтсақ, Yenlik, Садраддин, Рауана және Абылай Тлепберген басқарған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрі өнер көрсетті.
Бұрын Хьюстонда Наурыз мерекесі Орта Азия диаспораларымен бірге атап өтілетін, биыл Ұлыс күнін ұлықтауды алғаш рет тек қазақстандық қауымдастық ұйымдастырды.
Концерт өткен залға шамамен мыңға жуық адам жиналды. Көпшілік Абылай Тлепберген бастаған топтың өнеріне тәнті болып, таң-тамаша болды.
«Мұнда тұратындардың күйді сағынғанын сездім. Олардың реакциясын көріп, өзім де ерекше күй кештім», – дейді дирижёр.
Кейін сахнаға қазақстандық әншілер шығып, жиналғандардың рухын тағы бір көтерді. Рауананың әнін тебірене тыңдаса, Yenlik шыққан кезде орындарынан тұрып, сахнаға жақындап, бірге биледі. Ал Садраддин шыққанда кішісінен үлкеніне дейін бірге ән айтып, би биледі.

Биылғы Наурыз мерекесі Пасха мерекесімен тұспа-тұс келді. Алмасу бағдарламасымен келген студент Гүлжан концертке уақытша үйіне тұрақтаған америкалық отбасын да ерте келіпті.
«Біз үшін Пасха – жаңа өмір мерекесі, ал Наурыздың да мәні сондай – жаңару мен жаңа кезеңнің басталуы», – дейді Бьюкенон отбасы.
Қонақтар арасында тек диаспора өкілдері ғана емес, америкалықтар мен Стаффорд қаласының әкімдігі қызметкерлері де болды. Көпшілік қазақ музыкасының бірегейлігін және ұйымның жоғары деңгейін атап өтті.

Ұйымдастырушылар қазақ мәдениетін кеңінен таныстыру үшін ұсақ-түйекке дейін ойластырған. Залда киіз үйлер орнатылып, дәстүрлі тұрмыс элементтері, ұлттық киім мен ас үй ұсынылды.
Qazaq Texas Foundation қоры Хьюстонда қазақ мәдениетін насихаттап, диаспоралар арасындағы байланысты нығайту үшін көп іс атқарып жүр.
Қордың негізгі жобаларының бірі –10 жылдан астам жұмыс істеп тұрған қазақ мектебі. Қазір онда шамамен 70 бала білім алады. Олар онда тіл, дәстүр, домбыра тарту мен ұлттық билерді үйренумен айналысады.
