«Психологиялық қызмет туралы» заң жобасы Мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасы психологиялық көмектің қолжетімділігін арттыруды, оның сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді. Сонымен қатар құжатта салаға қатысты негізгі ұғымдар нақты айқындалады. Атап айтқанда, «психолог», «психологиялық қызмет», «ақпараттандырылған келісім», «психологиялық көмектің сапасы» және «кәсіби құпиялылық» сияқты түсініктер енгізіледі, деп хабарлайды turkystan.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құжат медициналық қызметті реттемейтініне де баса назар аударылған.
Заң жобасының басты мақсаты – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және психологиялық әл-ауқатын арттыру. Осыған байланысты заңдылық, еріктілік, құпиялылық, кәсіби құзыреттілік, ғылыми негізділік және зиян келтірмеу қағидаттары бекітіледі.
Жобада мемлекеттік реттеу мәселелеріне де ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің психологтардың біліктілігін тану және арнайы мемлекеттік тізілім жүргізу жөніндегі өкілеттіктері айқындалады.
Депутаттар құжатты талқылау барысында бұл тізілімді электронды форматта жүргізу тәртібін нақтылап, оған енгізілетін мамандар санатын белгіледі. Сондай-ақ мәліметтердің ашықтығын қамтамасыз ету және оларды уәкілетті органның интернет-ресурсында жариялау қарастырылған.