Apple басшысы смартфоннан алыстап, табиғатқа жақындауға шақырды

/
Apple басшысы смартфоннан алыстап, табиғатқа жақындауға шақырды
сурет: hightech.fm

Apple компаниясының бас директоры Тим Кук адамдарды смартфонды аз қолданып, көбірек уақытты табиғатта өткізуге шақырды. Алайда бұл мәлімдеме интернет қолданушылары арасында қызу талқыланып, көпшілік оны ирония ретінде қабылдады, деп хабарлайды turkystan.kz euronews.com-ға сілтеме жасап.

Кейінгі жылдары гаджеттердің адам денсаулығына әсері туралы зерттеулер жиі жарияланып келеді. Мамандардың айтуынша, экран алдында көп уақыт өткізу күйзеліс деңгейін арттырып қана қоймай, оқшаулану, депрессия, мазасыздық және ұйқының бұзылуына әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, бұл оқу мен есте сақтау қабілетіне де кері әсер етеді.

Әсіресе балалар мен жасөспірімдер үшін қауіп күшейіп отыр. Осыған байланысты Еуропаның бірқатар елдерінде мектептерде смартфон қолдануға шектеулер енгізіле бастады. Зерттеулерде құрылғыларды шамадан тыс пайдалану өзін-өзі бағалаудың төмендеуіне, агрессияға және психологиялық мәселелерге алып келуі мүмкін екені айтылған.

Good Morning America бағдарламасына берген сұхбатында Тим Кук адамдардың экранға емес, бір-біріне көбірек назар аударғанын қалайтынын жеткізді. Оның айтуынша, смартфонға үздіксіз үңілу – күнді өткізудің дұрыс тәсілі емес, сондықтан адамдарға табиғатта көбірек уақыт өткізуді ұсынды.

Алайда әлеуметтік желі қолданушылары ірі технологиялық компания басшысының осындай үндеуі қарама-қайшылық туғызатынын атап өтті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары