Алматыда үш адамның өмірін жалмаған жантүршігерлік жол апатына қатысты жаңа дерек жарияланды. Жол апатына себепкер, Zeekr автокөлігін мас күйде тізгіндеген алматылық ауруханадан тергеу изоляторына жеткізілді , деп хабарлайды turkystan.kz.
"Адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасына кінәлі деп танылған ZEEKR автокөлігінің жүргізушісі тергеу изоляторына этапталды.
Бұған дейін күдікті медициналық мекемеде айдауыл күзетімен болған және соттың санкциясымен қамауға алынған.
Қазіргі уақытта ол қылмыстық іс аясында қамауда ұстауды жалғастыру үшін тергеу изоляторына жеткізілді", – делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, 21 наурызда Алматыдағы әл-Фараби даңғылында жантүршігерлік жол апаты болып, салдарынан үш адам қаза тапты. Полиция Zeekr көлігінің жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes көлігімен соқтығысқанын мәлімдеді. 26 наурызда Zeekr жүргізушісін соттың санкциясымен қамаққа алу шарасы қабылданды.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов аталған жол апатына қатысты шараларды өз бақылауында ұстайтынын, тергеудің жан-жақты әрі объективті жүргізілетінін мәлімдеген-тін.