Елордадағы теміржол вокзалында Десанттық-шабуылдау әскерлерінің 61993 әскери бөлімінде борышын өткерген сарбаздарды қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қуанышты сәтке олардың ата-аналары, жақындары, қала тұрғындары және қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері жиналды.
– Бүгін біз 38-ші бригадада қызмет атқарған 37 сарбазды қарсы алып отырмыз. Өткен жылы бұл бөлімге тек үздіктердің үздігі іріктеліп алынған болатын, – деді Астана қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілі запастағы полковник Ғани Артықов. – Сендер әскерден шыңдалып, шымыр болып оралдыңдар. Осындай азаматтарды тәрбиелеген ата-аналарға алғысымды білдіргім келеді.
Жиналған көпшілік атынан запасқа шыққан жауынгер Нұрмұхамед Кәрімжанның апасы Дәмеш Кеңесбаева сарбаздардың алдағы азаматтық өміріне ақ жол тілеп, батасын берді.

Маусым айының соңына дейін өткен жылдың көктемінде әскерге шақырылған 1200-ге жуық азамат елордаға оралады. Ал наурыз–маусым айлары аралығында олардың орны 1400-ге жуық астаналықпен толығады.
Салтанатты рәсімнен кейін сарбаздар ата-аналарымен, жақындарымен қауышты.
– Немерем әскерден оралып жатыр. Оны қарсы алуға отбасымызбен келдік. Өзім де кезінде елден жырақта әскери борышымды өтегенмін. Бүгін немеремнің тәуелсіз елімізде қызмет етіп келгеніне қуаныштымын. Әскер - ер жігітті шыңдайтын мектеп, – деді сарбаз Нұржан Тілеулестің атасы Төлеген Жұманов.
Іс-шараның ең әсерлі сәттерінің бірі – әскерден оралған сарбаздың сүйіктісіне үйлену туралы ұсыныс жасауы болды. Қыз келісімін беріп, көпшілік қуанышты сәттің куәсі болды.
Әскерден запасқа шыққан кіші сержант Абдулла Пералы әскери қызмет ол күткендей қиын емес, керісінше шыңдалуға мүмкіндік берді дейді.
Бір жыл ішінде бауыр басқан десант жауынгерлер бірін-бірі қимай қоштасып, үйлеріне тарқады.
Айта кету керек, әскери қызметтен өткен азаматтарға жаңа мүмкіндіктер бар. Олар жоғары оқу орындарына ҰБТ тапсырмай түсе алады. Жауынгерлік даярлықта үздік нәтиже көрсеткендер мемлекеттік грант иегері атанады.
Әскерден оралған әр жігіт борышын өтеп келген сарбаз ғана емес, өмірдің жаңа кезеңіне қадам басқан, тәртіп пен жауапкершілігі мықты азамат.