Елімізде 45 әлеуметтік қызмет онлайн форматқа өтті

Елімізде 45 әлеуметтік қызмет онлайн форматқа өтті

ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықпаев әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру барысы туралы хабардар етті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оның айтуынша, қазіргі таңда жаңа кезең басталып отыр – бұл жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын кезең-кезеңімен енгізу. Бұған дейін мемлекеттік қызметтер алдымен электронды форматқа көшірілді, кейін мобильді қосымшалар арқылы қолжетімді болды. Одан соң проактивті қызмет көрсету және төлемдерді автоматты түрде тағайындау жүйесі енгізілген.

«Қазір 49 қызметтің 45-і электронды форматта көрсетіледі, оның ішінде 28-і проактивті түрде жүзеге асады. 2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 1,4 млн қызмет көрсетілді, оның 564 мыңы (41%) электронды түрде, 483 мыңы (35%) проактивті түрде ұсынылған», – деді спикер.

Бахтияр Жазықпаевтың айтуынша, 2025 жылы жасанды интеллектті қолдану арқылы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау, жұмыс іздеушілер мен жұмыссыздарды тіркеу, сондай-ақ мүгедектікті белгілеу процестері іске асырылған. Ал 2026 жылы ЖИ қолдану аясын кеңейту жоспарланып отыр. Бұл зейнетақы төлемдерін тағайындау, мемлекеттік жәрдемақыларды беру, қандас мәртебесін анықтау және жұмыспен қамту шараларына жолдау сияқты қызметтерді қамтиды.

«Айта кету керек, барлық жасанды интеллект модельдері тек ұсынымдық сипатта болады, ал соңғы шешімді мамандар қабылдайды», – деп атап өтті вице-министр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары