Ғылым мен сенім тоғысқан белес

Ғылым мен сенім тоғысқан белес

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне келіп, мұндағы Farabi Hub алаңындағы жоғары технологиялық жобалармен танысуы отандық ғылым үшін жай ғана ресми шара емес, үлкен сенім мен жауапкершіліктің символы болды деп есептеймін.

Әсіресе, университет базасында жалпы құны 1 миллиард 250 миллион теңгені құрайтын төрт ірі жобаның жүзеге асырылуы – ҚазҰУ-дың зерттеу университеті ретіндегі жаңа белесі. Осы сапардың маңызды тұстарының бірі – Қазақстан-Сингапур кванттық технологиялар орталығына ерекше назар аударылды.

Сингапурлық ASTRASEC PTE. LTD компаниясымен және отандық «Qubitera» ЖШС-мен бірлесе құрылған бұл құрылым іргелі ғылымды нақты индустриямен ұштастырып отыр. Орталықтың алғашқы кезеңінде кванттық криптография мен байланыс зертханасының іске қосылуы – ғылымның тек теория жүзінде қалмай, киберқауіпсіздік пен технологиялық егемендік секілді мемлекеттік маңызы бар салаларға қызмет ете бастағанын білдіреді. Ресми мәліметтерде бұл бастама ұлттық кванттық экожүйені қалыптастыруға, технологиялық қауіпсіздікті күшейтуге және инновациялық экономиканың негізін бекітуге бағытталғаны атап өтілді.

Президенттің дәл осы орталықты аралап көруі өте терең символдық мәнге ие. Өйткені сол күні Мемлекет басшысы ғылыми қауымдастықпен кездесуде цифрландыру мен жасанды интеллектіні ел дамуының басты басымдығы ретінде айқындады. Кейінгі бес жылда ғылымға салынған инвестиция көлемі едәуір артқанын, 200-ден астам коммерциялық жобаның іске қосылғанын және «университет – зерттеу – инновация – коммерция» экожүйесінің біртіндеп қалыптасып келе жатқанын айтты. Осы тұрғыдан алғанда, кванттық технологиялар орталығы – университеттің ішкі жобасы ғана емес, ғылымды ұлттық бәсекеге қабілеттілікпен ұштастыратын мемлекеттік көзқарастың нақты көрінісі.

ҚазҰУ-дағы Қазақстан-Сингапур кванттық технологиялар орталығы Қазақстан үшін бірнеше маңызды бағытты тоғыстырып тұр. Біріншіден, ол физика, байланыс, ІТ, инженерия, медицина және киберқауіпсіздік салаларын біріктіретін пәнаралық алаң қалыптастырады. Екіншіден, халықаралық әріптестік арқылы қазақстандық ғылымның әлемдік зерттеу кеңістігіне шығуына жол ашады. Үшіншіден, ол елдің технологиялық тәуелсіздігіне қажет нақты бағыттарды – қорғалған байланыс, кванттық коммуникация, жоғарғы технологиялық инженерия, кванттық медицина және озық есептеу мәдениетін дамытуға мүмкіндік береді.

Меніңше, бұл сапар – Қазақстанның жоғары технологиялық болашағына берілген маңызды өркениеттік белгі. Ал осы кванттық орталық сол болашақтың ең жарқын әрі сенімді тірегі болатынына кәміл сенемін.

Медеу ӘБІШЕВ,

ҚР ҰҒА Құрметті академигі,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың  

Қазақстан-Сингапур кванттық технологиялар орталығы директоры

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар