БҚО-да «Бабалар ізімен» ұлттық спорт лигасының тұсауы кесілді

БҚО-да «Бабалар ізімен» ұлттық спорт лигасының тұсауы кесілді

Бірнеше жылдан бері Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы кең көлемде тойлануда. Наурыздың 20-сы “Ұлттық спорт” күні болып бекітілді. Соның аясында «Бабалар ізімен» облыстық лигасының салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылады. Іс-шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Наурыздың 20-сы 15:00-де басталатын мерекелік бағдарлама ұлттық дәстүрлерді дәріптеу мен заманауи технологияларды ұштастырған мазмұнды форматта өтті. Алаң бірнеше тақырыптық аймаққа бөлініп, қонақтар мен тұрғындарға ұлттық мәдениет пен спорттың түрлі бағыттары ұсынылды.

Ұлттық дәстүр мен инновация үйлескен мереке

Бағдарлама аясында ерекше форматтағы «NatRoboCom» ұлттық роботтар жарысы ұйымдастырылды. Бұл жарыста арнайы дайындалған роботтар арқан тарту мен асық ату сияқты ұлттық ойындарда бақ сынады. Сонымен қатар «робоқызқуу» және «робоақсүйек» ойындарының көрсетілімдері болды. Жоба ұлттық ойындарды цифрлық технологиялармен ұштастырып, жастардың қызығушылығын арттыруды мақсат етті.

Ұлттық спорт жарыстары

Іс-шара барысында қазақтың дәстүрлі спорт түрлері бойынша жарыстар ұйымдастырылды. Атап айтқанда:

• гір көтеру

• дәстүрлі садақ ату

• тоғызқұмалақ (блиц формат)

• асық ату

• «Толағай» алыптар сайысы

• қазақ күресінің көрсетілім белдесуі

Бұл жарыстар қатысушылардың күшін, шеберлігін және ептілігін көрсетіп, ұлттық спорттың маңызын кеңінен насихаттауға бағытталған.

Қолөнер мен ұлттық тағамдар көрмесі

Мереке аясында ұлттық қолөнер көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде киіз бұйымдары, ағаш ою, зергерлік өнер және кесте тігу сияқты дәстүрлі өнер туындылары ұсынылды. Сонымен қатар қамшы өру, ат тағалау және ұлттық бұйымдар жасау бойынша шеберлік сағаттары өтті.

Ал дәм аймағында қонақтарға қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылды.

«Бабалар ізімен» ұлттық спорт лигасының салтанатты ашылуы өтті.

Сағат 17:00-де «Бабалар ізімен» ұлттық спорт лигасы басталды. Рәсім барысында Наурыз мерекесі мен ұлттық спорт түрлері туралы бейнероликтер көрсетіліп, ұлттық би қойылымдары ұсынылды.

Іс-шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, қатысушылар мен қонақтарды Наурыз мейрамымен құттықтады.

Сондай-ақ салтанатты кешке өңірдегі ұлттық спорт федерацияларының басшылары шақырылды.

Бағдарлама аясында ұлттық спорт лигасына қатысатын командалар арасында жеребе тарту рәсімі Qadam AI платформасының көмегімен жүзеге асырылды. Жасанды интеллект негізіндегі жүйе командаларды автоматты түрде анықтап, нәтижелер LED экранда бірден жарияланды.

Мерекелік концерттік бағдарлама

Салтанатты кеште елга танымал әншілер Қазыбек Әдікей мен Елбол Қуанбек өнер көрсетіп, көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады.

Ұлттық мұраны жаңғыртуға бағытталған жоба

«Бабалар ізімен» ұлттық спорт лигасы – қазақ халқының дәстүрлі ойындары мен спорт түрлерін дамытуға бағытталған маңызды бастама. Жоба ұлттық мәдени мұраны жаңғыртып, жастар арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік береді.

Ұйымдастырушылар өңір тұрғындары мен қала қонақтарын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін бірге атап өтіп, ұлттық рух пен бірліктің мерекесіне қатысуға шақырды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар