Кеше «Атамұра» баспасының Алматыдағы Абылайхан-Гоголь көшелері қиылысында орналасқан бас кеңсесінің жанындағы кітап дүкенінде белгілі жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» және «Айбоз» ұлттық сыйлығының иегері Қуандық Түменбайдың «Көк кептердің көргені» атты прозалық кітабының тұсаукесері өтті.
Тұсаукесерді ашқан «Атамұра» корпорациясының президенті Рахымғали Құл-Мұхаммед «Атамұра» баспасының жаңалықтары жайында айта келіп, тұсаукесер өтіп жатқан кітап дүкенінің күрделі жөндеуден өтіп, қайта пайдалануға беріліп отырғанын, соған орай өзінің қазақ әдебиетіне деген құрметі үшін «Атамұра» баспасынан кітабы тұңғыш рет жарық көріп отырған жазушы Қуандық Түменбайдың кітабының тұсаукесер рәсімін жасап отырғанын айтты. Өз сөзінде ол жазушы Қ.Түменбайдың шығармашылығы туралы және «Көк кептердің көргені» кітабына енген бірнеше шығарманың сюжеті мен идеясы туралы әңгімелеп, өз ойларын баяндады. Бұл оның халыққа ұсынатын өнімдерінің барынша сапалы болғанын қалайтын іскер азамат екенін көрсетсе керек.
Ол сонымен бірге «Атамұра» баспасынан жарық көретін белгілі қаламгерлердің кітаптарын ең алдымен өзі оқып шығатыны, кей жағдайда туындыларды қолжаба күйінде оқып шыққан соң өзінің авторларға айтар ұсыныстары болатынын да жасырмады.
Бұдан соң сөз алған Қуандық Түменбай, «Көк кептердің көргені» кітабын бүдан бірнеше жыл бұрын толық бітіріп, екі рет мемлекеттік тапсырысқа өтпей қалғанын айта келіп, өзіне көрсетіліп отырған бүгінгі құрметке ризылығын білдірді.
– Шынын айтуым керек, осы уақытқа дейін жиырмашақты кітабым шықса да, бір рет тұсаукесер өткізіп көрмеппін, – деді ол. – Ал бұл кітабым шыға қояды деп те ойлаған жоқпын. Дегенмен кез келген жазушы жазғанынің тартпада шаң басып қала бермей, тезірек жарық көріп, оқырманға жеткенін қалайды ғой. Сол себептен мен де өткен жылдың соңына таман бұл кітабымды «Атамұра» баспасына ұсынып көріп едім, Рахымғали Абрарұлы кітаптың қолжазбасымен танысып көрген соң шығаратынын айтты, сонымен бірге өзінің сын-ескертпелерін де білдірді. Бұл бапагердің өз өніміне деген жанашырлығы болса керек. Сөйтіп міне туындымның оқырмандармен қауышатын сәт те келіп отыр. Сондықтан мына қасиеті Ораза айты күні кітаптың жарық көруіне үлкен жанашырлық жасап, оның тұсаукесерін өткізіп отырған баспа басшылығына және осы рәсімге қатысып отырған барша азаматтарға, оқырмандарға алғысым мол.
Мен бірнеше рет Жапон елінде болдым. Бір келінім жапон қызы екені елдің бәріне аян. Сол жаққа барып, құдаларым мені қазақтың белгілі жазушысы деп таныстырғанда олар «қанша агентіңіз бар» деді. Мен басында түсініңкіремей қалып, «агент» деген сөзден тіксініп, «бізде ондай болмайды» дедім. Сөйтсем ол жақта жазушылар өз кітабын қалай шығарам, қалай таратам деп ойламайды екен, оның бәрін арнайы әдеби агенттер жасайды екен ғой. Жапонның аты әлемге белгілі қаламгері Харуки Муракамидің 150 әдеби агенті бар екен!
Бұдан соң ол «Атамұра» баспасының қазақ қаламгерлерінің кітаптарын шығаруда, әдеби шығармаларды халыққа жеткізуге үлкен жетістіктерге жетіп, елімізде әдеби агент дәрежесінде қызмет етіп отырғанын, соның арқасында баспаның екі рет (оңғысы биыл) «Жылдың үздік баспасы» атағын алып отырғанын айта келіп, баспаның алдағы уақытта да осы биіктен көріне беретініне сенім білдірді.
Бұдан соң ұзақ жылдар бойы «Атамұра» баспасында редактор болып қызмет еткен белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Кәдірбек Сегізбай баспаның қазақ кітаптарын басып шығаруда үлкен табыстарға жеткенін айта келіп, Қ.Түменбайдың халыққа ұсынылып отырған кітабындағы туындылардың айтар ой мен жазушының шеберлігіне тоқталды.
Ал ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Ғ.Мүсірепов пен С.Мұханов әдеби музейлерінің директоры Әділғазы Қайырбеков болса Қ.Түменбайдың шығармашылығы туралы айта келіп, «Көк кептердің көргені» кітабын оқырманға пайдасы мол кітап екенін жеткізді.
«Көк кептердің көргені» жайында арнайы баяндама жасаған белгілі қаламгер, танымал журналист Қайнар Олжай алдымен жазушының шығармашылығы туралы өз ойларын айт келіп былай деді:
– «Лениншіл жас» газетінде Оралхан Бөкей, Кәдірбек Сегізбай ағаларымыздың шығармаларын оқып жүрдім. Одан кейінгі буын болып, осы газетте еңбек еткен жазушылардан екі жазушы ағаны сүйсініп оқыдым, біріншісі осы Қуандық ағамыз, екіншісі –Қуаныш Жиенбай. Біз Семейден, бұл кісілер Сыр бойынан болса да бұл кісілердің шығармаларындағы ауылдың болмысы, тілдің тазалығы, образды сөйлемдерді мені қатты сүйсінтіп, осы кісілерге шәкірт болдым.
Мына кітапты оқып толық оқып шықтым. Бұл кісі образдарды өмірден алады. «Көк кептердің көргендерінде» автор ой-идеясын паралель түрде берген. Сол арқылы жақсылық пен жамандықтың егесін тамаша көрсеткен.
Баяндамашы бұдан әрі кітаптағы «Мешіттің маңы», «Жапон құданың қалауы» секілді әңгімелерінде көтерілген проблемалар, туындылардың мән-маңызы жайында ой-пікірлерін нақты мысалдармен дәлелдеп, тамаша талдау жасады.
Ал белгілі ғалым Мамай Ахетов жазушы Қуандық Түменбайдың өміріне, шығармашылығына қатысты қызықты жайттарды, қаламгер шығармашылығының оның өз өміріне қатысты нәрселерден нәр алатыны жайында ойларын баяндай келе «Бұл кетпен ұстаған әулеттен шықса да, қалам ұстап ұлт әдебиетіне үлкен еңбек сіңірді» деп, жазушының қазақ әдебиетінде салмақты орыны бар екеніне назар аударды.
Солайша бірнеше қазақ ақын-жазушылары, БАҚ өкілдері, оқырмандар қатысқан бұл тұсаукесер әдебиетімізге қосылып жатқан жақсы бір кітапты өз дәрежесінде танытты.
«Атамұра» корпорациясының президенті Рахымғали Құл-Мұхаммед тұсаукесерге қатысқан қаламгерлерге, БАҚ өкілдеріне өз баспасынан жарық көрген құнды кітаптар сыйлады.
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ