Биыл «Шалқар» радиосының құрылғанына 60 жыл толды. Ұлттың «өшкенін жандырып, өлгенін тірілтуге» ерекше үлес қосқан радио қалай құрылды, қандай кезеңді бастан өткерді? Осы сұрақтар төңірегінде «Шалқар» радиосы алғаш құрылған жылдардан бастап ұзақ жыл еңбек еткен ардагер журналист Руслана Құдайбергеновамен әңгімелескен едік.
Радиоға арнайы конкурс арқылы қабылдандым
– Руслана апай, биыл, 2026 жылы «Шалқар» радиосының негізі қаланғанына 60 жыл толды. Осы радионың қалыптасу кезеңінде көптеген аға-апамызбен бірге, өзіңіз де тұрсыз. «Шалқар» 1966 жылы эфирге шыға бастаса, Сіз 1967 жылы Қазақ радиосына жұмысқа тұрған екенсіз. Сол кезеңдерді бір сәт еске түсірсек... «Шалқар» радиосы әу баста қалай құрылған еді?
– Жалпы, менің радиоға келуім «Шалқар» бағдарламасының және шетелге хабар тарататын редакцияның ашылуымен байланысты болды. 1966 жылғы 1 қаңтарда «Шалқар» бағдарламасы алғаш эфирге шығып, 1967 жылы осы екі редакцияға жас журналистерді жұмысқа қабылдау үшін конкурс жарияланыпты. Мен ол кезде 5-курстың студентімін. Қазақ Мемлекеттік Университетінде (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) Филология факультетінде оқимын. Сол кездегі дипломдық жұмысымның жетекшісі профессор Сұлтанғали Садырбаев: «Тарих ғылымдарының докторы, профессор Ғаббас Жұматовтың орыс тілінде жазылған брошюрасын қазақшаға аудару керек. Руслана, сен осыны аударып бересің бе?» деп сұрады. «Көрейін» дедім де бір күні кітапханада сол брошюраны аударып отырғанымда телевидениеде сол кездері жұмыс істеп жүрген Ажар Файзоллақызы келіп: «Сен не істеп отырсың?» деп сұрады. Мен: «Аударма жасап жатырмын» дедім. «Оо, сен аудара білесің бе?» деді. «Шама-шарқымызға қарай аударып отырмын. Кейін жетекшіме көрсетемін» дедім. Оның айтқаны: «Сен босқа отырма, биыл оқу бітіресіңдер. Қазақ радиосы конкурс жариялап жатыр. Сол конкурсқа қатыспайсың ба, аудармашы керек деп жатыр. Орыс тілінен қазақ тіліне аударатын аудармашылар жоқ. Сен келсейші» дегеннен кейін, бағымды сынап көрейінші деп ойладым. Бәлкім, конкурстан өтермін. Өтпесем, онда жолдамамен жіберген жағына, Семейге пединститутқа бара берермін деймін. Ол кезде жоғары оқу бітіргеніңде жолдамамен жан-жаққа жіберетін. Бұл 1967 жылғы қаңтар болатын.
Сонымен конкурсқа қатыстым. Көп адам болды, үлкен ағалар бақтарын сынады. Солардың ішінен өтіп кеттім. Бір ай сынақ мерзімі дейтін. Сол сынақ мерзімінен өтіп, редакцияның берген тапсырмаларын бәрін орындап, содан Радионың басшылығы мені жұмысқа қабылдауға ұйғарым жасап, бұйрық шығарды. Сөйтіп, «Шалқар» бағдарламасына топ етіп, келе қалдым. Келсем Дулат Исабеков, Досан Жанботаев, Жеңіс Қашқынов, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Кеңесжан Шалқаров сияқты таныс та бейтаныс кісілер отыр екен. Қасымхан Ерсарин ағамыз «Шалқарда» бөлім меңгерушісі екен. Ол кезде Бас редакторымыз Едіге Әбдіғапаров болатын. Алғашқы кезде «Шалқар» бөлек редакция болған жоқ. «Шалқар» – «Соңғы хабарлар» редакциясының бір бөлімі, яғни, «Соңғы хабарлар» мен «Шалқар» бір редакция болды.
– Сонда «Шалқар» радиосында жұмыс істеу үшін конкурс жариялап отыр ғой?
– Иә, сол кезде «Соңғы хабарлар» редакциясына да, «Шалқар» бағдарламасына да аудармашы керек болып жатыр екен. Өйткені «Соңғы хабарлардағы» аудармашы «Шалқар» үшін де хабар жасайды. Сонда мені «Шалқар» үшін хабар жасайтын редактор ретінде жұмысқа қабылдады. Танымдық бағдарламалар жасайтын редакторлар бөлек болды. Бірақ барлығы бір редакция ішінде отырады. Ал біздің жетекшіміз, әрине, Сәркен Шұғайыпұлы Оспанов ағамыз болды.
– Сәркен Оспанов ағамызды «Шалқардың» алғашқы бас редакторы деп айтуға бола ма?
– Жоқ, олай деуге келмейді. Өйткені ол кезде «Шалқардың» бас редакторы деп айтпайтұғын. Бөлім меңгерушісі, аға редакторлар және редакторлар болатын. Бірақ «Шалқардан» өтетін 5-10 минуттық хабарлардың бәріне Сәркен аға жауапты болатын. Сол тұста Сәркен ағаның лауазымы аға редактор болды. Кейін уақыт өте келе Сәркен аға да «Шалқар» редакциясының бас редакторы атанды.
– Сол кезде «Шалқарда» кімдер жұмыс істеді? Әріптестеріңіз туралы айтса-ңыз.
– «Шалқарда» көп адам болған жоқ. «Соңғы хабарлар» редакциясында жұмыс істейтін редакторлар «Шалқарға» да хабарлар әзірлеп тұратын. Өйткені әрқайсысы өз жүктемесіне сәйкес екі жаққа да жаңалықтар мен хабарлар дайындап отырды.
– Ал «Соңғы хабарлар» редакциясында кімдер жұмыс істеді?
– Ол кезде Мәлік Қарағұлов, Сәркен Оспанов, Кекілбай Нүсіпбеков, Нұрсейіт Ерубаев, Санақбай Бөлеков, Сәлімгерей Сұлтанғалиев дейтін ағаларымыз жұмыс істеді.
«Шалқар» – алғашқы кезде екі сағаттық бағдарлама болды. Кешке қарай жеке толқында эфирге шықты. Дулат Исабеков, Досан Жанботаев, Жеңіс Қашқынов, Қасымхан Ерсарин, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Серік Тұрғынбеков, Жеңіс Ақпанбет сияқты бір топ қаламгерлер, ақын-жазушылар, журналистер «Шалқар» бағдарламасына топтастырылды.
– Эфир уақыты біртіндеп ұзарды ма?
– Иә, жылдар өте хабарлардың көлемі ұлғая бастады. Алдымен 2 сағатқа, содан кейін 6 сағатқа ұзарды. Одан кейін 10 сағат, 12 сағат болды. 1980 жылдары «Ауыл өмірі» радиостансасы сияқты «Шалқар» да ақпаратты-сазды радиостанса деп аталды.
– «Ауыл өмірі» деген радиостанса болды деп жатырсыз. Оқырманға түсінікті болуы үшін «Ауыл өмірі» радиостансасы туралы қысқаша мәлімет бере кетсеңіз. Жеке радио болды ма?
– Жоқ, радио емес, ол да редакция болды. Бірақ жеке радиотолқында хабар таратты. «Ауыл өмірі» радиостансасының толқыны бөлек, «Қазақ радиосының» толқыны бөлек, «Шалқардың» толқыны бөлек және шетелге хабар тарататын «Иновещания» дейтін редакцияның толқыны бөлек болды.
«Ауыл өмірінің» бас редакторы Абай Өтегенов, Шаншархан Төрегелдиев – бөлім меңгерушісі, Мұқан Мамаев, Гәкку Балтабаев, Ерлан Қожагелдиев және басқа да азаматтар жұмыс істеді. Арасында жалғыз қыз бала – Бағдат Мүптекеева болды.
Қазақ радиосында 80-жылдары көптеген салалық редакция жұмыс істеді. «Соңғы хабарлар» бас редакциясы, «Насихат» бас редакциясы, Музыка хабарлары бас редакциясы, Әдебиет және өнер бас редакциясы, Балалар мен жастар бас редакциясы, «Шалқар» бас редакциясы, Одақтас республикалар радиоларымен хабар алмасатын редакция.
1994 жылдан 1997 жылға дейін «Шалқардың» жетекшісі болдым. Сол 1994 жылы «Қазақстан» телерадио корпорациясына төраға болып Ләйлә Бекетова келді. Әр келген бастық бір жаңалық әкелгісі келеді ғой. Қазақ радиосын екіге бөліп, «Республикалық 1-бағдарлама» деп Қазақ радиосын атады. «Республикалық 2-бағдарлама» деп «Шалқарды» атады. Сол 1-арнаның басшысы Құсман Игісін, 2-арнаның басшысы мен болдым. Яғни, сол кезде 2-арнаның директоры сияқты. 1-арна басшысы Құсман Игісін екеуміз ақылдаса келе, екі арнаға екі директор емес, жалпы Қазақ радиосына бір Бас директор болуы керек екенін Л.Бекетоваға түсіндірдік. «Директор емес бізді, арнаның жетекшісі» деген дұрыс дедік. Дегенмен бір жылдан кейін жетекші дегенді алып тастады да, 1995 жылы «Шалқардың» бас редакторы болдым. Демек, алғаш 1967 жылы «Шалқар» радиосына келіп, 1994 жылы 2-арна – «Шалқар» бағдарламасының жетекшісі, бас редакторы болдым.
– «Шалқар» бағдарламасы «Соңғы хабарлар» редакциясынан қай жылдары жеке редакция болып бөлініп шықты?
– Шамамен 1970 жылдары «Шалқар» жеке редакция болып бөлініп шықты.
– Сонымен, апай, «Шалқардың» басшылары туралы айтатын болсақ, ең басында Едіге Әбдіғапаров ағамыз тұра-тын шығар?
– Ол кезде бас редактор қазақ болса, оның орынбасары орыс болуы керек. Бас редактор орыс болса, оның орынбасары қазақ болуы керек. Едіге Әбдіғапаров – орыстілді журналист болды. Бірақ қазақша таза сөйлейтін. Ол «Соңғы хабарлардың» бас редакторы, екі тілде де қарай беретін. «Шалқар» – «Соңғы хабарлар» редакциясының ішіндегі «Ақпаратты-сазды бағдарлама» болғандықтан, ол кісі де басқарды, жауапты болды деп айтуға болады. Егер мұрағатты көтерсек, «Шалқардың» алғашқы басшысы құжат бойынша Едіге Әбдіғапаров болып шығады.
Одан кейін Бек Дәулетбаев, Кенжебек Есімов, Мадрид Рысбеков ағаларымыз басшылық жасады.
«Шалқарды» Мәскеу әзер бекітті
– Сіз бір сұхбатыңызда Мифтах Жантикин деген ағамыздың еңбегі туралы айтқан едіңіз, осы «Шалқар» арнасының ашылуына көп еңбек сіңірген деп едіңіз...
– Кеңес Одағының кезі. Украинада «Промин» ақпаратты-сазды бағдарлама украин тілінде хабар тарататын. Мәскеуде «Маяк» радиостансасы ашылды.
– Бұл 1960 жылдары ғой?
– Иә, сонымен біздің Қазақстанда тек қана қазақ тілінде хабар беретін бір арна керек болды. Ол кезде Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Радио және теледидар Комитеті болатын. Комитет басшылығы Мәскеудегі Орталық Комитетпен келісе, кеңесе отырып, ана тілімізде хабар тарататын бағдарлама ашу мәселесін қояды. Ол кезде барлығы Орталықтан, Мәскеуден шешіледі ғой. Соған бірнеше рет қажет құжаттарды алып барып, қайтып келген жағдайлар болған. Қабылдамаған. «Кейінірек көрейік» деп сырғытпа жауап беріп отырған. Бірақ сол тұста «Промин» мен «Маяк» сияқты радиоарна жұмыс істеп тұрғаны бізге пайдалы болды. Қазақ радиосында Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, екі тілде бірдей сөйлейтін мықты журналист Мифтах Жантикин деген ағамыз болды. Құжаттарды реттеуді сол кісіге тапсырған ғой. Мәскеуліктердің қарсылығына орыс тілінде тойтарыс бере алатын, қазақтарға қазақша түсіндіре алатын Мифтах Жантикин ағамызға қазақ тілінде хабар тарататын жеке радио бағдарламасының қажет екенін дәлелдеу оңай болған жоқ.
Мәскеуге бірнеше рет барып құжаттарды өткізсе, құжаттар артынан қайтып келе береді. Мифтах ағамыз соңғы барғанында екі ай жатады Мәскеуде. Біресе ана қағаз керек, біресе мына қағаз керек деп сұрайтын көрінеді. Мифтах Жантикин ағамыз сол жерден кетпей, қажетті құжаттарды ұшақ арқылы, ары-бері ұшқан жолаушылар арқылы алдыртып отырған екен. Сөйтіп, Мифтах ағамыз екі ай Мәскеуде жатып, «Шалқар» бағдарламасын ашуға бұйрық шығартып қайтқан екен. Бұл 1965 жыл еді.
Сол басшылықтың, ұжымның, халықтың, Мифтах Жантикин ағамыздың арқасында 1966 жылы 1 қаңтарда «Шалқар» бағдарламасы алғаш рет әуе толқынына шықты. Басында тәулігіне 2 сағат хабар таратты.
– Мифтах ағамызды көрдіңіз бе, бірге жұмыс істеген шығарсыздар?
– Иә, көрдім. Ол кісі кейін басқа жұмысқа ауысып кетті.
– Руслана апай, жазушы Дулат Исабековтермен бірге жұмыс істедім дейсіз. Дулат ағамыз сол кездерде қандай жұмыс істеді?
– «Шалқар» бағдарламасында алғашқы жылдары жұмыс істеген редакторлардың ішінде Серік Тұрғынбеков екеуміз ғана қалдық. Ал бұрынғы бас редакторлардың барлығы о дүниелік болып кетті. Өзімді 60 жылдық тарихы бар «Шалқар» бағдарламасының 59 жылының куәгерімін деп айтуыма болады.
Дулат Исабеков 1966 жылы «Шалқар» ашылғанда алғашқылардың бірі болып жұмысқа тұрған екен. 1967 жылы мен келдім. Ол бізден бір курс жоғары оқыған болатын. Дулат Исабеков әдеби хабарлар, одан кейін «Жаныңда жүр жақсы адам» деген хабар жасады. Сол жылдары жас жазушы Дулат Исабеков, ақындар Нұрсұлтан Әлімқұлов пен Жеңіс Қашқыновтар әдебиет тақырыптары бойынша «Шалқарға» хабар әзірледі. «Замандастар», «Сәті түскен сұхбат», «Бүгінгі күн тақырыбы» деген хабарлар болды ол кезде. «Шалқардың» эфир уақыты екі сағаттан алты сағатқа ұлғайған кезде көп хабарлар болды. Яғни, эфир уақытының артуымен адамдардың да, жасалатын хабарлардың да саны арта түсті.
Дулат ол кезде аты шыққан, болашағынан көп үміт күттіретін жас жазушы ретінде халыққа танымал болды. Ол студент кезінде «Бекет» деген атпен әңгімелер жинағы шығып, халықтың, оқырманның, зиялы қауымның ықыласына бөленген болатын.
Тікелей эфирді «Шалқар» бастады
– «Шалқар» атауының қалай қойылғаны туралы айтсаңыз?
– Әркім әртүрлі атаулар ұсынды: «Кең өріс», «Отан», «Кең дала», «Атамекен». Сонда біздің редакциямызда Кеңесжан Шалқаров деген журналист жұмыс істеді, өзі ақын болатын. Сол Кеңесжан айтыпты: «Бастарыңды қатырып қайтесіңдер, менің әкемнің атын қойсаңдаршы: Шалқар. Шалқар десе, Шалқар. Ол нағыз радиоға, қазақ тілінде хабар тарататын бағдарламаға лайықты атау – «Шалқар» деп. Басшылардың бәріне «Шалқар» деген атау ұнайды. Содан радионың аты «Шалқар» болып аталады. Міне, сол «Шалқар» бағдарламамыз бүгінде дербес, үлкен «Шалқар» радиосы болып отыр.
– Бұл, әрине, Кеңесжан ағамыздың әкесінің құрметіне емес, «Шалқар» деген атаудың құрметіне қойылған ғой?
– Әрине, ақын адам болғаннан кейін «Шалқар» болсын деп айта салмай, бір жағы қалжыңға сүйеніп, «Менің әкемнің атын қояйық» дегені ғой. Мұны Сәркен ағай бізге жиі айтып отыратын. Кеңесжан Шалқаров кейін баспаға ауысып кетеді. Анда-санда келіп тұрған кезде Сәркен ағай: «Мына Кеңесжан «Шалқардың» атын қойып кеткен» деп айтатын. Ол кісі де о дүниелік болып кетті.
– «Шалқар» деген аттың өзі көз алдыңа қазақтың кең жазира даласын елестетеді ғой, шалқар көл, кең-байтақ дала деген мағына береді.
– Қысқа ғана атау болуы керек. Мысалы, «Кең өріс», «Жайлау», «Атамекен» деген сияқты. Бізде шетелге хабар тарататын редакция атауы «Атамекен» болды. Кейін «Тұран» деп аталды. Бертінде ол арна да жабылды.
– Апай, радиода көп жыл жұмыс істедіңіз. Радиодағы, радиожурналистикадағы ұстаздарым деп кімдерді айтатын едіңіз?
– Ең бірінші ұстазым – Сәркен аға Оспанов. Ол кісінің тек маған ғана емес, осы редакцияға келген әрбір жас қыз-жігітке қамқорлығы ерекше болды. Олардың бәрінен бұрын келгендіктен маған деген қамқорлығы бөлек, «қарғам», «құлыным» деп сөйлейтін. Содан соң репортажды қалай жүргізу, информацияны қалай жазу, сұхбатты қалай алу керек, соның бәрін айтып отыратын. Кейде бір жерге сұхбатқа жібереді, кімге, қайда, не үшін бара жатқаныңды білмей қаласың жас кезіңде. Сонда бағыт-бағдар беріп, қоятын сұрағыңды да аузыңа салып беріп отыратын. Сәркен ағаның орны мен үшін ерекше.
Одан кейін Бек Дәулетбаев ағамыз, аудармашылар Кекілбай Нүсіпбеков, Нұрсейіт Ерубаев дейтін ағаларымыз қандай керемет кісілер еді. Үйрететін. Сен бүгін қандай да бір қате жібердің бе, оны түзетіп айтатын: «Қарағым, сен бүгін мынадай қате жібердің. Сен ертең мұны ойыңа ал, ескер, мұндай қатені екінші рет жіберме» деп өзінің ағалық, үлкендік ақылын айтып отыратын. Осындай жақсы кісілердің арқасында біз радиожурналист болып қалыптастық. Сәркен ағай бір отырыста, редакциядағы лездемеде: «Руслана, түбінде осы «Соңғы хабарлардың» тұтқасын сен ұстайсың» дейтін. «Ой, ағай, болмайды ғой» деп қоямын. «Жоқ, болады» дейтін. Сол айтқаны шын келді. «Шалқардың» да бас редакторы, жетекшісі болдым. Қазақ радиосындағы «Соңғы хабарлар» редакциясының да бас редакторы болдым.
Тікелей эфирді алғаш рет «Соңғы хабарлар» редакциясы шығарды, «Тәулік тынысы» – «Панорама дня». Сол бағдарламаның жетекшісі әрі алғашқы жүргізушісі болдым. Демек, ол кісілердің көрегендігі деп айтуға болады. Сенің бойыңдағы жақсы бір қасиеттерді көргені, соны сезгені болар. Редакция болғаннан кейін бір қолдың саласындай жұмыс істедік. Осы редакцияда қателіктер, кемшіліктер болмасын деп солардың атына кір келтірмеуге тырыстым. Сол ағаларымыздың арқасында осы дәрежеге жеттім. Солардың артында қалып отырмын деуге болады. Кейде 60 жыл бойы Қазақ радиосының тарихымен, «Шалқар» радиосымен бірге жасасып келе жатқан сол кісілердің атын атап, сол кісілердің еңбегін айту үшін артта қалған шығармын деп ойлаймын. Сондықтан ол кісілердің алдында өзімнің журналист ретінде перзенттік парызымды орындадым деп санаймын.
– «Шалқардың» 60 жылдық тарихында эфирге қаншама хабар шықты, қаншама қазақтың белгілі тұлғасы әуе толқынынан сөйледі. Алғашқы жылдары «Шалқар» бағдарламасында қандай хабарлар болды, қандай тұлғалар эфирге шықты? Сол туралы есіңізде бар ма?
– Иә, ол кезде «Шалқар» арнасын бүкіл халық тыңдайтын. Жайлауда мал баққан қойшылар бір-бір радиоқабылдағыштарын құшақтап, таудың басында, жайлауда қазақтың әнін, күйін, қисса-дастандарын, жақсы сұхбаттарды, жақсы әңгімелерді тыңдап, рахатқа батып жататын, ол кенші де, қойшы да, егінші де, диқан да, бәрі-бәрі «Шалқар» бағдарламасын тыңдады. «Шалқардың» алғашқы жылдардан бастап өрісі кеңейіп, тыңдаушылары көбейді. Қазақтың небір керемет ұмытылған күйлері, ұмытылған жыр-дастандары, қиссалары «Шалқар» бағдарламасынан беріле бастады. Бұған мұрындық болған Алматыдағы Халық университеті деген ұйым болды. Оның жетекшісі филология ғылымдарының докторы, профессор Рахманқұл Бердібаев ағамыз еді. 1960 жылдардың аяғында Халық университетін құрды. Ғылым академиясындағы Әдебиет және өнер институтымен бірлесіп жасалған үлкен еңбек болды. Сырдария бойына, Қарақалпақстанға, Өзбекстан аймақтарына, Үргенішке экспедициялар ұйымдастырып, сол жақтардан ұмытылып бара жатқан күйлерді, жыр-дастандарды жазып әкеліп, таныстыратын. Халық университетінің дәрісі Мұхтар Әуезовтің музей-үйінде айына екі рет өтіп тұратын. Әр дәрістің соңында елеусіз қалып бара жатқан күйлер, жыр-дастандар орындалатын. Бұл сол кездегі қазақтың тарихын, дәстүрін, өнерін тереңнен іздеп, жоқтан бар жасаған, ұлттық рухты көтерген жылдар болды. Сондықтан «Шалқар» бағдарламасы Рахманқұл Бердібаев ағамызға арнайы эфир уақытын бөліп, айына екі рет хабар жүргізіп отырды.
1980 жылы республикалық айтыс өтті. Сол айтысты да «Шалқар» бағдарламасы халыққа кеңінен таратты. Алғашқы айтыстар сол жылдары радиодан берілді. Халық айтыс өнерін біледі. Бірақ айтыс эфирден берілмейтін, теледидардан көрсетілмейтін. Айтысты естіген радиотыңдаушылар қап-қап хаттар жазатын. Халықтың радиоға деген сүйіспеншілігі, құлшынысы, ілтипаты биік деңгейде болды.
Кейінірек «Шалқар» бағдарламасында «Ер қорғаған ер баба» деген айдармен хабарлар беріле бастады. Бұл кезде қазақтың хандары, батырлары туралы, елім, жерім деп күрескен біздің аталарымыз Абылай хан, Кенесары, Наурызбай, Бөгенбай, Қабанбай, Райымбек, Исатай, Махамбет сияқты батыр бабаларымыз туралы хабарлар беріле бастады. Бұл халықтың көзқарасын, дүниетанымын байытып отыратын хабарлар болды.
«Атадан қалған асыл сөз» әлі күнге дейін бар. Алғашқы кезде қазіргідей көп кітап жоқ. Қазір Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Жиренше шешен, Асан қайғының айтқандары туралы көп-көп әдебиет шықты. Қазір оңай оларды радиодан беру. Ол кезде табу қиын еді. Біртіндеп қарап, жинап, халыққа дайын хабар ұсынып отырдық.
Бізде «Тұлпардың тұяғы» деген хабар болды. 1980 жылдардың аяғында саяси қуғын-сүргінге ұшырап, нақақтан нақақ атылып кеткен Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Әлихан Бөкейхан, Жүсіпбек Аймауытов, Тұрар Рысқұлов, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин сияқты арыстарымыз туралы хабар бере бастадық.
Мысалы, Міржақып Дулатұлының қызы Гүлнәр апамызбен көптеген сұхбат ұйымдастырылды. Бейімбет Майлиннің әйелін көрдім. Ол кісімен де сұхбаттар берілді. Ол кісілер көзі тірі болса да, эфирге олар туралы хабар берілмейтін. Репрессияға ұшыраған қазақтың зиялылары туралы хабар бергізбейтін. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін кеңінен насихатталып, арнайы хабарлар әзірленді, оның ішінде халық «Шалқар» радиосынан сусындады деп айтуға болар.
Ілияс Жансүгіровтің, Біләл Сүлеевтің, Мұхтар Әуезовтің жарлары болған, солардан ұрпақ сүйген анамыз Фатима Ғабитова туралы да хабар беріліп тұрды.
«Өзбекстаннан шыққан» дейтін шымкенттік Кеңес Одағының батыры Сабыр Рахымовтың жары келген бірде. Сабыр Рахымовтың қазақ екенін, қазақтың мақтанышы екенін айтып «Шалқар» радиосынан сөйледі. Яғни, сол кезде «Шалқар» бағдарламасы ұлттық деңгейдегі үлкен мәселелерді көтерді.
Әрине, осы айтылған хабарлардың бәрі қазақтың, қазақ халқының ұлттық сана-сезімін оятты. Олардың өткенімізге, тарихымызға деген көзқарасын жаңғыртты. 1995 жылы Қазақ мемлекеттігінің 530 жылдығы атап өтілді. Сол оқиғаға байланысты «Шалқар» радиосынан көптеген хабар берілді. Оған атақты ғалымдарымыз, тарихшыларымыз, философтарымыз қатысты. Ұсақ-ұсақ тайпалардан үлкен мемлекетке айналған қазақтың тарихы айтылды. Мұның бәрін қалай ұмытуға болады. Бұл «Шалқар» радиосының, сол «Шалқарда» жұмыс істеген адамдардың, Қазақ радиосы басшылығының көрегендігінің жақсы көрінісі деп ойлаймын.
Халифа Алтай хабар жүргізді
– Иә, 90-жылдардың аяғында діни ағартушы, жазушы Халифа Алтай ағамыз да «Шалқар» радиосында хабар жүргізгенін білеміз...
– Мен ол кезде «Шалқар» бағдарламасының бас редакторы болатынмын. 1994 жылдан 1997 жылға дейін «Шалқарға» басшылық жасадым дедім ғой, сонда «Қасиетті қағидалар» деген айдар аштық. Сол кездерде Халифа Алтай ағамыз Түркиядан Қазақстанға көшіп келген еді. Хабарда қасиетті Құран туралы, оның аят-сүрелері туралы және хадистер жайында айтылды. Хабардың редакторы Төлеу Қосанов болды. Халифа ағамыз Түркияда тұрғанда «Шалқарды» тыңдайды екен. Бізге келгенде «Шалқар» оның жүрегінде, әрдайым жанында екенін айтқан болатын. «Шалқар» – нағыз қазаққа керек радио» деген болатын.
– Радиожурналист болудың жауапкершілігі неде деп ойлайсыз?
– Радиожурналист, әсіресе, ақпарат редакциясында жұмыс істейтін журналистерге сергектік керек. Аяқ астынан болатын оқиғаларға, тапсырмаларға дайын болу керек. Бейқам отырған кезде бір жерде қандай да бір оқиға болып жатса, соған жедел бара алатындай болу керек. Ал жалпы журналистерге саяси сауаттылық қажет, жауапкершілікті ұмытпауы керек. Өйткені радио – бүкіл елдің, мемлекетіміздің мұңын мұңдайтын, мүддесін қорғайтын ақпарат құралы. Таза, көркем, әдемі сөйлей білуі керек. Жалған сөйлемеуі керек. Шапшаңдық пен жеделдік қажет ақпарат журналисіне. Міне, сонда ғана олар діттеген мақсатына жетеді.
– Апай, журналист болғысы келетін жастарға қандай ақыл-кеңес айтатын едіңіз?
– Әйтеуір диплом алу үшін оқып, кейін өз мамандығымен жұмыс істемесе, ол – бекер өткен уақыт, зая кеткен жылдар. Алдымен мамандық таңдағанда, сен мамандықтың қыр-сырын түсінесің бе, саған ұнай ма, әлде, диплом үшін ғана оқығың келе ме? Сондықтан ең бірінші мамандықты сүю керек, екінші біліміңді әрдайым көтеріп отыруың керек. Тек қана айналаңдағы, қоршаған ортаңдағы ғана жаңалықтарды білу аз, әлемдік масштабтағы жаңалықтарды біле жүрген абзал. Ең бастысы – өзіңнің қалаған мамандығыңды жан-тәніңмен жақсы көруің керек. Соған өміріңді арнауың керек деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен –
Оңғар ҚҰРАЛ