Көкшетау қаласында «AMANAT» партиясының Партиялық бақылау комитетінің көшпелі отырысы өтті. Онда партияның 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының Ақмола облысында орындалу барысына баса назар аударылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Отырысты Партиялық бақылау комитетінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Павел Казанцев жүргізді. Сондай-ақ жиынға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Комитет мүшелері Абай Тасболатов, Майра Айсина, Санира Жүсіпова, партияның Орталық аппараты Партиялық бақылау департаментінің директоры Дәурен Бижуманов, «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Берген Беспалинов, басқарма басшылары мен мәслихат депутаттары қатысты.
Комитет төрағасы Павел Казанцев партияның сайлауалды бағдарламасында қамтылған міндеттердің ойдағыдай орындалуына жіті бақылау жүргізудің маңызына тоқталды.
«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүйелі жүзеге асыру – бұл ең алдымен азаматтар алдындағы жауапкершілік. Біздің міндетіміз – Жол картасының әрбір тармағына тиімді әрі әділ бақылау жүргізу. Барлық бастама нақты нәтиже беріп, тұрғындар оң өзгерістерді сезінуге тиіс, – деді ол.
Осы орайда, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы баяндап, Жол картасы жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
«Өңір тұрақты экономикалық өсімді көрсетіп отыр. 2025 жылы агроөнеркәсіптік кешен өнімінің көлемі 1,2 трлн теңгеге жетті, мал шаруашылығы, қайта өңдеу және өнеркәсіп салаларында инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда, жаңа жұмыс орындары құрылуда. Индустриялық аймақтар дамып келеді, онда жалпы құны 2,7 трлн теңге болатын жобалар пулы қалыптастырылған. Тұрғын үй саласында 2026 жылы шамамен 1300 отбасын пәтермен қамтамасыз ету жоспарлануда. Сондай-ақ қалалық және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, спорттық және мәдени нысандар салу жалғасуда», – деді облыс әкімі.
«AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Берген Беспалиновтың айтуынша, әлеуметтік нысандардың уақтылы және сапалы салынуына, сондай-ақ бюджет қаражатының тиімді игерілуіне ерекше назар аударылады.
«Ақмола облысында Жол картасын жүзеге асыру аясында әлеуметтік және инфрақұрылымдық бағыттарда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Осы уақыт аралығында 19 жаңа мектеп салынып, оқушыларға заманауи әрі жайлы жағдай жасалды және оқушы орындары тапшылығы айтарлықтай азайды. Ауылдық жерлерде 38 жаңа медициналық нысан пайдалануға беріліп, шалғай елді мекендердегі тұрғындар үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі артты. Сонымен қатар 60-тан астам ауылдық елді мекенде су құбыры желілері тартылды. Бұл қадам сапалы ауыз суға қолжетімділікті арттырып, ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға ықпал етті», – деді Берген Беспалинов.
Ол партиялық бақылау комиссиясы мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен тығыз өзара іс-қимыл жүргізіп жатқанын атап өтті. Мониторинг қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жедел жоюға және орындаушылардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған нақты ұсынымдар әзірленеді.
Отырыс барысында Комитет мүшелері Жол картасындағы жекелеген тармақтарға қатысты бірқатар ұсыныс айтып, жобаларды уақтылы жүзеге асыру, мониторинг жұмысын күшейту және орындаушылардың жеке жауапкершілігін арттыру қажет екеніне назар аударды.
Талқылау барысында партияның бағдарламалық міндеттемелерін орындаудың негізгі индикаторлары, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, білім беру, денсаулық сақтау нысандарын салу және жаңғырту, кәсіпкерлікті қолдау, тұрғындардың тұрмысын жақсарту мәселелері қаралды.
Отырыс қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жоюға және «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын өңірде іске асыру тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстар қабылданды.