Аударма классигі

/
Аударма классигі

«Қазақ поэзиясының антологиясы Қуандық Шаңғытбаев жырларымен ашылып отыр. Қуандық ақынның ұлт әдебиетiнде алар орны алабөтен. «Ар» деп аталған тұңғыш жинағы сонау 1945 жылы, ақынның жиырма жасында, ұлы Әуезовтiң алғысөзiмен жарық көрген Қуандық Шаңғытбаев өмiр бойы көркемдiк iзденiстiң, өлең киесiнiң алдындағы жауапкершiлiктiң, талғампаздықтың, талапшылдықтың үлгiсiн танытумен өттi. Ақынның қалам тербеген тұсы саясаттың сұрапыл дауылы елiрiп тұрған елуiншi, алпысыншы, жетпiсiншi жылдарға тура келсе де, оның ешқашан өтпелi дүниелерге алданбағаны, өтiмдi тақырыптарды малданбағаны, қашан да қиыннан қиысқан сөз сарасын асыл мұрат тұтқаны айрықша атап айтарлық.

Тiлiнiң шұрайлылығы, кестелiлiгi, өрнектiлiгi, сөзiнiң саздылығы, сыл­дырап келетiн iшкi келiсiмi, мiнсiз түр-қалпы жағынан Қуандық Шаңғыт­баев жырлары арғы-бергiдегi қазақ өлеңi­нiң ең асыл нұсқаларына қосылады. 
«Нұр қағып күннiң көзiнен, Жұл­дыз­ды жұлқып үздiм мен. Қазақтың гауһар сөзiнен Өлеңнiң зерiн ыздым мен», деп өзi айтқандай, ақын қашан да сырлы сұ­лу­­лықты зер ызған зергерлiкпен суреттей бiл­дi, қай тақырыпқа қалам сiлтесе де тек жауһар жырлар жазуды, тек маржан сөз тiзу­дi мақсат тұтты. Сол мақсатына жеттi де. Қуандық Шаңғытбаев өлеңдерiнен бiз қазақ тiлiнiң ғажайып байлығын көремiз, әуен­дiлiгiн, үндiлiгiн, саздылығын сезi­не­мiз, соған сүйсiнемiз, тәнтi боламыз. «Ба­ла дүние самала таңға таман Ма­нау­рай­ды балбырап таңғажайып. Су мен са­ла, ну, дала, тау да тамам Торғын төсiн то­сады таңға жайып» – осылай төгiлiп ке­ледi Қуандық жырлары. 
Қуандық Шаңғытбаевтың санаулы ға­на жинақтарының өзiнен татаусыз тө­гiлген тiлдiң, дәл табылған теңеудiң, ай­шық­ты дыбыс үндестiгiнiң, сөзбен салын­ған суреттiң, музыкаға айналып кеткен сөз­дiң небiр ғажап мысалдарын көрсете ала­тынымыз күмәнсiз. Ал ақын аудар­ма­ла­­­рының тәржiме классикасына қосы­лары шығар күндей шындық. 
Ерен суреткер, перен ақын, терең ой­шыл Қуандық Шаңғытбаев – өлең жа­зира­сына өмiр бақи таңғалдырып өтер­дей атымен өзгеше өз ордасын орнатып кет­кен орасан талант».
«Жиырмасыншы ғасыр жырлайды» ат­ты қос томдық авторлық антологияның бе­ташарында осылай жазған екенбіз. Ол жо­ба қолға алынған кезден – 2001 жыл­дың наурызынан бері де ширек ғасырдай уа­қыт артта қалыпты. Қуандық Шаңғыт­баев­тың туғанына ғасыр толған тойы да ке­ліп жетіпті. Келіп жеткені не, өтіп те ке­тіпті. Ақтөбедегі «Шығармашылық ака­де­миясы» ғимаратында «Сөз өнерінің сәу­леткері» атты кеш ұйымдастырылыпты, өлең танитын қаламдас інілері естелік бө­лісіпті. 
Жанымыздай жақын көрген, сонау 1999 жылы шыққан «Біздің Пушкин» ат­ты кітабымызда бір өлеңінде Қуандықты ұлы ақын атаған Сейфолла Оспанов жы­рына орай «Бізде суреткердің шын қадір-қа­сиеті өзінің уақытында оңайлықпен пайым­дала қоймайды, пайымдалса оңай­лықпен мойындала қоймайды. Соны біле тұра біз дәл осы бағаға қосыламыз. Бұл ба­­­ғаның ақын бойына сыйымды екенін, жал­пы қазақ жырында классика дең­гейін­де жазылған дүниелер барлығын, қа­зіргі өлең өнерімізде де әлем әде­бие­ті­нің тарихындағы жарық жұлдыздармен қатар тұратын тұлғалар табылатынын байыптап, көз жеткізе тиянақтап, тұ­жы­рымдап шығу қаншалықты қиын жұмыс еке­нін біле тұра осыны айтамыз. Мұны дә­лелдеу – келер күндердің еншісі...» деп жаз­ған Қуан-ағаның 100 жылдығында үн­сіз қалғанымыз жараспас. Ал сонда қайт­пек керек? Соншалықты аз жазды де­ген­нің өзінде бас-аяғы бес томдық мұра («Шайыр», «СаГа», 2013) қалдырған ақын­ның шығармашылығын бір мақалада қа­лай қамтырсың? «Ар», «Аққу әні», «Арма, рес­публикам!», «Гүл толқын», «Махаббат пен ғадауат» сияқты кітаптарындағы қа­зақ­тың сырлы сөзінен өлмес өлең өрген шумақтарды қалай ғана талдап тас­тар­сың? Жарты ғасырдай уақыт бойы ұлт сах­насын күлкіге көмген «Беу, қыздар-ай!», «Ой, жігіттер-ай!» пьесаларын (Қа­на­бек Байсейітовпен бірге жазған), әлі күнге театр­да қойылып жүрген «Айсұлу» опе­ра­сының либреттосын, «Көктем вальсі», «Тер­беледі тың дала», «Күзгі Алматы» сияқ­­­­ты бірінен-бірі өтетін ән өлеңдерін, Омар Һәйәмнің, Роберт Бернстің, Надир Надирпурдің жырларын төгілтіп түсірген аудармаларын қалай ғана шолып өте шығарсың?  
Жоқ, бұлай болмайды. Құшақ жет­пей­тін­ді құшақтай алмайсың. Сондықтан біз Қуан­дық Шаңғытбаевтың алуан қырлы ал­мастай асыл дарынының бір ғана қы­рына – аудармашылығына, оның өзінде бір ғана туындының – А.Пушкиннің «Ев­ге­ний Онегин» романының тәржімесіне тоқталумен тына тұрайық. 
Сол тұста мұндай жауапты іске тәуе­ке­лі тұрған жап-жас жігіттің батылды­ғы­на, өзіне сенімділігіне таңданбай қала ал­майсыз. «Евгений Онегиндей» көлемді, аса күрделі дүниенің жиырманың бел ортасына жаңа жақындаған жас жігітке (роман аудармасы кітап болып басылып шық­қан жылы 24-ке толған екен!) қалай бе­ріл­геніне көңіл бөлмеу жөнсіз. Біздіңше, мұ­ның өзіндік заңдылығы бар. 
Қуандық Шаңғытбаев – туған әде­бие­ті­­­­мізге таңданарлықтай тыңғылықты дайын­дықпен келген талант иесі. Оның  тұң­ғыш жыр жинағы 1943 жылы, ақынның жа­сы жиыр­маға да толмаған тұста жарық көр­ген бола­тын. Сол «Ар» жинағының алғы­сөзін Мұх­­­­тар Әуезовтің  жазуының өзі әдеби фак­­ті ретінде айырықша назар аудартса, ұлы жазушының  жас ақынға берген бағасы да бөлекше. Қаламгердің  шағын ғана  ал­ғы­сөзін түгел оқиық: 

Аз сөз

Бұл кішкене жинақ, көп еңбектің жә­не әсіресе үлкен талаптың айға­ғы. Жас ақын Қуандықтың оқушы жұрт­шы­­лықпен тұңғыш ұшырасуы осы жинақ­тан басталып отыр. 
Еңбек көркі жемісте. Және еңбек көркі сол жемісті жетілтем деген жалында. Қуан­дық жинағындағы «Бауыржан Момыш­ұлы­на», «Мен – қазақ!», «Қоштасу», «Қауышу», «Жас партизан сыры», «Сүттей жарық жаз­­ғы түн­де», «Жастық дәуренім», «Уәси­ла­ға» де­ген сияқты көптеген өлеңі сол жалынды сез­­діреді. Ақындық шын сезімнің жалынын та­нытады. Іздену бар, сол ізденуіне серік-тірек мол білімі бар, тілі орамды жас ақын ке­лешегінен анық жақсы үміт еткізеді.
Екінші дүниежүзілік соғыстың ай-күн­дерінде жазылған көп өлеңі жауға жат, дос­қа адал болған сезімтал, ызалы, ыстық қан­ды жасты танытады. Шіміркеніп, ши­ры­ғып шығатын өтімді тіл, әсерлі күй ке­ле­ді. Жолы жатық, беті ашық. Отан жасы­ның шыншыл жүрегінен шығатын күйлер.
Қуандық құлақ күйі отаншыл, халық­шыл қызулы лирик болғандай. Көп жүрегін өзі­нен, өз жүрегін көптен тапқан саналы сезім­талдық бар. Бұнысы да Қуандықтың ба­рар аңғарын тұйыққа тартпай, ашық, кү­нес өріске тартатындай.

 Мұхтар Әуезов.
 Алматы, 1943 ж. 

Міне, Әуезов ақынға ақ батасын осы­лай бер­ген. Айтса айтқандай. Жыр әлемінің есігін дәл осылайша нық, сон­шалықты сеніммен ашқан ақын аз біз­де. Кейіннен Қалижан Бекхожиннің: «Қуан­дық Шаңғытбаев поэзия табалдырығын атта­ғанда өзімен тұрғылас жас ақындардан өз­геше, өзінше нақышпен келді. Дүние жү­зі­лік поэзияның асылдарын тереңірек бар­лаған зерек ақын өз дарынына сол мұ­ра­лардан қуат, көрік жинады. Қуандықтың тыр­нақалды өлеңдерінде шығыс поэзия­сы­ның маржан сөздері жарқылдап, ыстық леп­тері есетін еді. Қазақтың асыл сөзге жа­­ны құмар бұл шайыры өзінің өлеңдерін шы­­ғыс ақындарынша әсем өрнектермен ше­­­бер нақыштайды», деп жазғаны да сон­дық­тан. Кітап шыққан бетте сөз қадірін бі­ле­тіннің бәрі де әдебиетке аса ірі талант ке­ліп қосылғанын бірден-ақ сезген. Қасым­ның: «Қуандық, сен шыққанда шын қуан­дық, Аялап алдымызға «Арыңды» алдық» дейтіні сол кез еді.    
Алайда билік тарапынан ақынның ал­ғаш­қы жинағындағы ғажайып жырлары ке­зінде тиісінше бағаланбады. Оны ай­та­сыз, қайта, бүкіл кітапта Сталин туралы бір ауыз сөз айтылмағаны аса ауыр айыпқа са­налды. Жас ақынның көсемді жырлама­ға­­­­нымен қоймай, көп ұлтты совет халқы ұлы Сталиннің бастауымен ата жаумен жа­ға­ласып жатқан кезде:
Мен – қазақ! Тал бойымда – қазақ қаны,
Кеудемде – мейірбанды қазақ жаны;
Салдыртып сар белінде Сарыарқаның
Жаңғыртып салған әнім – қазақ әні, –
деп «оқшауланып» сөйлегені де кешірілген жоқ. Тұрпайы әлеуметшіл сын тарапынан жөн-жосықсыз мүйізделді. Ақыры, Ал­ма­ты­дан аластатылып, Ақтөбеден ғана жұмыс та­ба алды – 1949-1951 жылдарда «Социа­лис­тік жол» газетінде, 1951-1955 жылдарда «Ак­тюбинская правда» газетінде тілші бол­ған. Бұл жайында ақынның өзі «...Менің ал­ғашқы кітабым... қатты сынға ұшырады. 1946 жылдардан бастап ұлтшыл, бур­жуа­зия­шыл, мағжаншыл деген сын көбейді. Кейін сол кітапты бүкіл кітапханалардан, дү­кендерден жиып алып, өртеп жіберді. Кітап­тың аты «Ар» болатын. ...Сол кезде ме­ні жұмыстан да шығарды» деген. Оған қо­са «1950 жылдардың бастарында Кене­сары науқаны басталды. Бұл жылы баяғы ұлт­­шылдардың қасына мені де қосты. Біле­сіз­дер, көп кісіні айдап жіберіпті, соттап жі­­­­беріпті, жиырма бес жылға дейін. Әйтеуір ме­­ні ұстамады, менің жастығымды ескер­ген болуы мүмкін. Жиырма алты шам­а­сын­да­ғы кезім еді» дегені де бар. Тегі, жас ақын­­­­ның әдеби ортадан жырақта, алыс Ақ­төбеде жүргені бұл жағынан дұрыс та бол­ған сияқ­ты. 
Мына жайды да айта кетелік: Қ.Шаң­ғыт­баевтың екінші жинағы («Аққу әні») бі­рін­ші кітабынан кейін ширек ғасыр өт­кен­де барып, 1967 жылы ғана жарық көр­ген. Әрине, мұның басты себебі ақынның өзі­не-өзі ерекше талап қоятынында, жырға аса жауаптылықпен қарайтынында. «Арада ұзақ кідіріс болды. Мұның бір себебі, Қуан­дық Төлегенұлының мінезінен деп те ой­лай­мыз. Өйткені ол қазақтың қара сөзіне, өлеңі­не мұқият қарап, өзіне де қатаң талап қоя білген ақын» (Мереке Құлкенов). Де­ген­мен мұнда жас ақынның алғашқы әді­лет­сіз соққыдан қатты беті қайтып қал­ға­ны­ның салқыны да бар екені тағы талас ту­дырмайды. Ал енді ең қызығы осыдан түп­тің түбінде қазақ жырының бағы жа­нып шыққанында... Бұл жөнінде сәл то­лы­ғы­рақ тоқталуға тура келеді.
 Жалпы,  талант иесінің қандай тар ке­­­­зеңнен де сәл  саңылау тапса, сытылып ке­те беретін қасиетін талай  ойшыл таң­да­на сөз еткен. Осындай қызық құбылыстың бірі – кешегі кеңес дәуіріндегі аударма өне­­рінің тағдыры. Бұл кезеңде еркін ой тұм­шаланып, бітімі бөлекше, өрнегі өзгеше, құйып берген қалыпқа сыймайтын туын­ды­лардың бәріне дерлік жол жабылғаны ай­налып келгенде аударма өнерінің қуатты да­муына жағдай жасап берді.
«1945 жылы 9 сәуірде Нұрпейіс ақын қай­тыс болып (Қ.Шаңғытбаев біраз жыл Н.Бай­ғанинге әдеби хатшылық жасаған – С.А.), әкем тағы жұмыссыз қалды. Сол тұста М.Әуезов «Евгений Онегинді» аудар деп кеңес берген», дейді ақынның қызы Гауһар Шаң­ғытбаева. Мұны Қуан-ағаның өз ау­зынан біз де естігенбіз. Ақынның бес том­ды­ғының бірінші томындағы өмірбаянда да 1946-1949 жылдар «Жұмыссыз жүрген кез­дері. Пушкиннің «Евгений Онегинін» ау­дару кезеңі» деп көрсетілген. 1949 жылы А.Пушкиннің туғанына 150 жыл толуы ата­латын еді. Айтқандай, романның Ілияс Жан­сүгіров жасаған аудармасының 1937 жы­лы шығатынының себебі де сондай: ол жыл – ақынның қайтыс болғанының 100 жыл­дығы. 
Бұл тек қазақ ақыны Қуандық Шаң­ғыт­баев­тың басына түскен кеп емес. Төл шы­ғар­малары талай жыл бойы басылмай жүр­ген Анна Ахматова, Борис Пастернак, Ни­колай Заболоцкий, Арсений Тарковский сияқ­ты қуатты талант иелері бойындағы дары­нын (мейлі, қаламақы табу, күнкөріс қа­мы үшін болса да!) сол жылдарда көбіне ау­дарма жасауға жұмсады. Самуил Мар­шак­тың да бар қуатын саясаттың сойылын соғу­ды, жалған сөйлеуді талап етпейтін екі салаға – балалар поэзиясы мен аудармаға салғаны сондықтан. Е.Эткинд бұл жайында: «Сая­си реакцияның қысымы күшейген сайын, идеологиялық ауан тынысты та­рылт­қан сайын, цензура құтырына түскен сайын өлең аудармасының деңгей-дәрежесі де артқан үстіне арта берді», «Төлтумаға ба­рар жолға тосқауыл көбейген сайын ау­дарма саласына ауысқан дарындар саны кө­бейе түсті», деп нақпа-нақ жазған. Мұнан түп­теп келгенде өлең ұтты: классикалық ко­рей поэзиясы (А.Ахматова), Шекспир, Вер­­лен, Гете, Бараташвили (Пастернак), қа­ра­қалпақтың «Қырық қызы», Мақ­тым­қ­ұлы, Кемине (Тарковский), Бернс, Шекспир, Гей­не (Маршак), Чавчавадзе, Важа Пшавела, Гете, Шиллер (Заболоцкий) жырлары орыс ті­лі­не бар сөлімен, бар бояуымен жетті. «Қы­рық қызға» талай жылы жұмсалған Ар­сений Тарковскийдің: «Для чего ж луч­шие годы / Отдал я чужим словам? / Ах, вос­точные переводы! / Как болит от 
вас го­лова!»  деп жазғаны да сол тұста бола­тын. 
Әңгімені қысқартыңқырап айтсақ, «Ев­гений Онегиннің» Қуандық Шаң­ғытбаев 1949 жылы жариялаған аудар­масы ақынның өзінің мүмкіндігінен көп төмен, жастықтан, тәжірибесіздіктен елеулі кемшіліктер жіберілген нұсқа. Ол нұсқа жөнінде «Біздің Пушкин» (1999), «Төлтума мен телтума» (2007), «Перевод поэзии и поэ­зия перевода» (2008) атты кітаптары­мызда егжей-тегжейлі жазғанбыз. Әйтсе де, ал­ғашқы аударманың кемістіктерін айту­мен қатар, сол нұсқадағы олқылықтардың объек­тивті себептерін де ашқан жөн. Ол тұстағы сөзбе-сөз, жолма-жол дәлдікті та­лап ететін аударма теориясы («эквиленеар­нос­ть») да бұл істе елеулі кедергі келтірген. Со­нымен қатар кезінде ол аудармаға сын сойы­лы тым бата тигені, әсіресе, жас ақын­ның сәтсіз ізденістерін «аудармада жай елеусіз қателер емес, идеялық теріс бағытқа тү­сіп кеткендік бар» деп бағалап, «біздің бұл жөндегі кейбір пікірлерімізді, жалпы ау­дармадағы осындай идеялық бағыт­тар­дың қаншалықты зиянды екенін көрсету мақсатымен айтылған деп түсіну керек» (С.Нұрышев)  деп  саяси айып тағуға дейін баратын солақай әлеуметшіл сынның нақты Қ.Шаңғытбаевқа ғана емес, жалпы сол кезеңдегі аудармалардың көркемдігіне, тәржімешілердің суреткерлік еркіндігіне көп зияны болғаны да даусыз. 
Пушкин романын аударудағы басты қиындық, әрине, «Онегин шумағының» уәзінін де, ұйқас ретін де сақтау. Орыс поэ­зиясында силлабо-тоникалық өлең жүйе­сінде қолданылатын бұл төрт бунақты ямбыны Пушкин өмірге орнықтырғаны, сөйтіп әдебиеттануға «Онегинская строфа» деген ұғым енгені мәлім. Алдымен екпінсіз буын, оның артынан екпінді буын ере шы­ғатын осы өрнек ұйқастың қым-қиғаш ре­ті­мен он төрт жол сайын айналып келеді де отырады. Алғашқы шумақта шалыс ұй­қас (бірінші мен үшінші жол, екінші мен төр­тінші жол); онан кейінгі шумақта егіз ұйқас (бесінші мен алтыншы жол, жетінші мен сегізінші жол); мұнан кейін қаусыр­ма­лы ұйқас (тоғызыншы мен он екінші жол, оныншы мен он бірінші жол) кетеді; ақыр ая­ғында соңғы он үшінші, он төртінші жол­дар қайтадан байланып барып, бүкіл «Оонегин шумағының» түйіні тарқаты­ла­ды... 
Мынандай ұйқаспен өлең аудару тұр­мақ, ұйқастың сол түрін (АБАБВВГГ­ДЕЕДЖЖ) ауыз­ша айтып көрудің өзі кәдім­гі­дей қиын­дыққа түспей ме? Қуандық Шаң­ғытбаев бүкіл романды осындай үл­гі­мен алып шыққан. 
Бір мысал келтірейік. Роман түйі­ні­не қараңыз:

1. Дұшпан ба, дос па, оқырман,                  а
2. Кім болсаң, ол бол, тақпа айып.             б
3. Бітірдік бір іс қытырман,                         а
4. Тамыр боп енді тоқтайық.                       б
5. Іздесең бұл қырт шумақтан                     в
6. Жастықтың желін жын қаққан,              в
7. Бай сурет, өткір сөздерді,                         г
8. Еңбекпен тыншыр кездерді,                    г
9. Хатесін емле қаласаң,                               д
10.Бұл кітап сонда жүрекке,                        е
11.Ермекке, арман-тілекке,                          е
12.Сыныңа тіпті жараса,                              д
13.Өтелді онда дос кәде.                              ж
14.Осымен тынсын, қош кәне!                   ж
Бүкіл роман бастан-аяқ (Татьяна мен Оне­гиннің хаттарынан, «Қыздар әнінен» басқасы) осындай қиямет қиын үлгімен жазылған. Оны сақтамасаңыз болмайды. Сақ­тамағандар да аз емес. Бірақ олардың барлығында да Пушкин туындысының өзіндік сипаты, қайталанбас ерекшелігі ашылмай қала берген. Дәстүрлі ыңғайда силлабикалық өлең үлгісін ұстанатын түркі халықтарының поэзиясы үшін бұл қосымша қиындық. Өзге жұрттар, оның ішінде славянтілдес халықтар үшін бұл тұрғыда жеңілдіктер аз емес.
Бір мысал келтірейік. Романның жетін­ші тарауындағы он бесінші шумақта Татья­наның Онегин усадьбасына бара жататын тұсы былай суреттелген:
Был вечер. Небо меркло. Воды
Струились тихо. Жук жужжал.
Уж расходились хороводы;
Уж за рекой, дымясь, пылал
Огонь рыбачий. В поле чистом,
Луны при свете серебристом,
В свои мечты погружена,
Татьяна долго шла одна...
Енді Максим Рыльский аударған ук­раин­шаны қараңыз :
Був вечер. Небо меркло. Води
Струмились тихо. Хрущ гудів.
Уже замовкли хороводи;
Уже за річкою горів
Огонь рибальский. В полі чистім,
У сяйві місяца сриблистім,
Повита мріями, смутна,
Татьяна довго йшла одна...
Талай тұста сөздің орнына сөз қой­саңыз жетіп жатқандай... Соның өзінде сын­шы Е.Егорова «Максим Рыльский – Пуш­кин аудармашысы» атты мақаласында  осы­ған: «Аударманың жолы Пушкин жо­лына қалай ғана еркін, табиғи түрде қона кетеді десеңізші, мәтінді, ырғақты, өлеңнің өрімін, ішкі  сөз сазын соншалықты ық­тият­тылықпен сақтағанын айтсаңызшы!» деп таңданып, таңдай қағады. Осыдан кейін Пушкинді қазақша төгілдірген Шаңғытбаевтың шеберлігін бағаламай көріңіз.
Ымырт кез. Баяу аққан су.
Ән салған жастар тарады.
Көк түнек. Қоңыз у да шу;
Аржақта түтеп жанады
Ошағы маздап аушының.
Татьяна, дымы таусылып,
Далада жалғыз келеді,
Күміс ай  сәуле себеді...
Романның қазақша аудармасы орыс­шаға ағайындас тілдерден де бұрын жасал­ға­ны назар аударарлық. «Онегин шумағы­ның» құрсаулы аясында Пушкиннің өзін­де­гідей құйылып келетін аударма жасауға та­лай ұлттық әдебиеттің тарландарының көп­ке дейін тәуекелі тұрмағаны көп жайды аң­ғартады. Оның өзінде де өзбекше, түрік­мен­ше  аудармалар он бір буынмен, қыр­ғыз­ша аударма тоғыз буынмен, тәжікше ау­дарма тоғыз-он бір буынды алмастырып қол­данатын дәстүрлі квантитативті өл­шем­мен жасалғанын айтпаудың реті жоқ. Біз «Евгений Онегинді» бұлайша аударғанға құптау көрсете алмайтындардың санаты­нан­быз. Мәселе мынада. Пушкиннің бұл шы­ғармасы, басқа қасиеттерін былай қой­ған­да, «Онегин шумағы» деп аталатын жаңа түр­ді әдебиетке енгізуімен-ақ әлем мәде­ние­тінің тарихында қалар еді. 
Пушкин жырларындағы  сөздің  сазды­лы­ғы – кей-кейде адамның ақылы жет­пей­тіндей құдірет. Пушкиннің шын ұлылығы, қайталанбас даралығы оның осы зергер­лі­гінде. Өткен ғасырдың сонау елуінші-ал­пысыншы жылдарының өзінде  электронды есеп­теу машиналары арқылы Пушкин жыр­ларындағы сөз сазы (звукопись) ға­жайып гармонияға құрылғаны матема­тика­лық жолмен дәлелденген. 
Иесі «халық жауы» атанып, шығармасы да келмеске кеткендей саналған Ілияс ау­дар­масы мен Қуандық аудармасын салыс­ты­рып оқығанда Шаңғытбаевтың Жан­сү­гіров нұсқасына соншама абайлап қара­ға­ны, қайткенде де жаңаша нұсқа жасауды ға­на емес, шейіт болып кеткен асыл ағаның мұ­расына қолын тигізіп алмауды да қатты құнт­тағаны айқын аңғарылады. Тіпті, мұ­нан аударма сапасына нақты зиян тиген тұс­­тар да аз болмаған. Ілияс тауып қалған сөз­­дерден аулақтап түсемін деп жүріп із­де­­ніс арнасын қалайда басқа өріске сала беру байқалады... Қуандық қалайда Ілияс нұс­қасынан қашықтауды, дұрысын айтсақ – қа­шуды мақсат тұтқан сияқты. Қанша де­ген­мен ортақ мәтін біреу ғой, кей тұста ор­тақ орамдар, ұқсас тіркестер тіл ұшына өзі­нен-өзі оралмай тұрмайды ғой. Жоқ, жас ақын мен Жансүгіров нұсқаларынан он­дайды таппайсыз. Алғашқы аударманың сәт­ті жерлерін пайдаланды деген айып еш­­теңе емес-ау, халық жауының аудар­ма­сынан алып совет оқырманына қайта ұсыну­дан қаймықпады деген айып ауыр-ақ болар еді. Сондықтан Қуандық Жансүгіров­ке жоламаймын деп жүріп, талай тұста Пуш­киннен де жырақтап кеткенін байқа­май қалған. 
Қ.Шаңғытбаевтың елуінші жылдардағы аудармасы мен сексенінші жылдардағы ау­дармасының арасында айырма жер мен көктей деп қана қою аздық етеді. Бұл екеуі атымен екі бөлек дүние. «Жазушы» баспа­сы­ның 1985 жылғы кітапқа аннотация­сын­да дұрыс айтылған: «Бұл көлемді шы­ғар­ма­ны аудармашы алғаш рет сонау 40-жыл­дар­дың соңында қазақшалаған болатын. Ақын­­­дық талабы мен аудармашылық өне­рінің балаң кезінде кеткен кемшілік­тер­ді, әдебиетші қауым пікірін ескере оты­рып, бүгінде аударма саласының әйгілі ше­беріне айналған Қ.Шаңғытбаев ұлы Пуш­­­киннің өлеңмен жазылған романы – «Ев­гений Онегинді» түпнұсқадағы ой, фор­ма, ұйқас кезектігін мейлінше қатаң сақ­тап, соңғы ширек ғасыр уақыт ішінде тү­бе­­гейлі қайта аударып шығуға күш салды. Бұл еңбек туған әдебиетіміздің көркем ау­­­­дарма саласына қосылған қомақты үлес бо­лары сөзсіз».
Түбегейлі қайта аудару қажеттігі ал­ғаш­­қы аударманың тұсында ақын­ның жасты­ғы­на, мерейтойға орай асық­қа­ны­на, тәжі­ри­бесінің аздығына ғана бай­ла­ныс­ты емес. Ол кезде аударманың теория­лық тиянағында мынандай көзқарас берік орныққан болатын. Аударылған дүние сол автор­дың басқа тілдегі туындысы ретінде қа­ра­латын. Аударылған дүние сол шығар­ма­ны өмірге келтірген ұлт әдебиетінің  бас­қа тілдегі үлгісі деп саналатын.
Қуандық Шаңғытбаев мұнан кейінгі отыз жылдың ішінде өз аудармасын тың тұр­ғыдан қайта қараған. Екінші нұсқа­сын­да қазақтың аударма әдебиетінің туын­ды­сын жасап шыққан.  
 «Евгений Онегиндегі» табиғат суреттері сол кезеңдегі орыс поэзиясы үшін де үлкен жаңалық болғаны мәлім. Пушкинге дейін орыс табиғаты әдебиетте ешқашанда дәл осын­­дай поэтикалық сұлулығымен ай­шық­ты ашылмаған еді. Ақын пейзажының жар­­­­қырап, бар бояуымен көзге ұрып тұр­май­тыны аудармашы атаулыға қосымша қиын­дық.  
Хрестоматиялық өлеңге айналып кет­кен мына шумақ баршаның есінде.
Бұл – қара суық жақын қалған шақтағы орыс деревнясының реңі. Оның үстіне Та­тьянаның Онегиннен осының алдында ға­на салқын жауап алып, қамығып жүрген ша­ғы. Осы тұсты Қуандық Шаңғытбаев бы­­­лай алады: 
Ашылмай жиі күн көзі,
Торлайды көкті күз кезі,
Күндер де қысқа күздегі,
Қаңқылдап қаздар тізбегі
Күнгейге қарай жөнеді,
Даланы тұман қаптады,
Түнеріп сая бақтағы
Жапырағын жадау төгеді;
Таусылды кездер тамаша;
Қайырылды қайта қараша.
Төгіліп тұр. Дәлдігі, көркемдігі тәнті ете­ді. Сөзінің саздылығы да түпнұсқадан кем түспейді. «Күндер де қысқа күздегі, / Қаң­қыл­дап қаздар тізбегі», «Таусылды күндер та­маша, / Қайырылды қайта қара­ша» деген жол­дардағы  «к» мен «қ» дыбыс­тарының үн­дес­тігі көңіліңді кіреукелеп, қара күздегі қарашаның қара суығын се­зін­діргендей. 
Қ.Шаңғытбаев жаңағы шумаққа ілесе тұрған:
Встает заря во мгле холодной....
На нивах шум работ умолк;
С своей волчихою голодной
Выходит на дорогу волк; – 
деген жолдарды  да сәтті шығарған.
Көрмейсің енді таң шығын,
Жұмыс жоқ, тыныш егіс те;
Аш құрсақ ертіп қаншығын
Бөрі де шықты өріске. 
Аударманың өн бойында Пушкиннің мірдің оғындай мысқылы да жақсы сақ­тал­ған. 
Басына оның түсті күн
Жабысып бір дерт сандырақ,
Ағылшын айтса: сплин,
Орысша аты – хандра...
Онегиннің «сандырағына» ұйқасқа да орыс­тың «хандрасынан» басқа қазақ сөзін қи­ғың келмейді...
Романдағы тарихи мәлімет байлығы, де­таль дәлдігі  аудармада да  сақталғаны сүй­сінтеді. 
Жетінші тараудың отыз сегізінші шума­ғын­да Татьянаның  күймемен Москва­ға келіп кіретіні бар. 
Возок несется чрез ухабы.
Мелькают мимо будки, бабы,
Мальчишки, лавки, фонари,
Дворцы, сады, монастыри,
Бухарцы, сани, огороды,
Купцы, лачужки, мужики,
Бульвары, башни, казаки,
Аптеки, магазины моды,
Балконы, львы на воротах
И стаи галок на крестах.
Осының бәріне Татьяна зырлап бара жат­қан күйменің терезесінен  қарап отыр. Бұрын үлкен қаланы көрмеген қыздың көз ал­дынан әр сурет сыр-сыр етіп қалып бара жа­тыр. Бастан аяқ дерлік зат есімнен (35 сөздің 24-і зат есім!) тұратын мұндай шу­мақ­ты шашып-төгіп алмай аударып шығу ша­малының қолынан келер шаруа емес. Шаңғытбаевтың шамасы келген.  
Келеді күйме қалтылдап,
Қаптаған күйме, қатын, бақ,
Сарайлар, сарттар, балалар,
Монастырь, лашық, шаналар,
Көпестер, дүкен, панарлар,
Мұнара, бульвар, бақша-бау,
Аптектер, үйлер оқшаулар,
Казактар, шаруа адамдар,
Арыстан жатқан дарбаза,
Кірестер толы қарғаға.
Бәрі түп-түгел қамтылған. 31 сөздің 24-і зат есім. Ал енді осыны тарихты, сол заман­да­ғы Москваны, орыстың өмір салтын біл­гіңіз келіп  оқысаңыз қаншама мәлімет­ке қаныға аласыз. Лариндердің  қалаға қа­зір­гі Белорус вокзалы тұрған жақтан кір­гені де, сол кезде Тверь көшесінің бойы қап­таған дүкен болғаны да, олардан бала­лар­дың жүгіре шығып, жар салатыны да, қа­лаға кешке қарай келген тұста жаңа жа­ғылған панарлар да, күйме Тверьдің бойын­дағы Разумов сарайының тұсынан өткені де, содан өрлеп келіп қазіргі Пушкин алаңы тұр­ған тұстағы әйелдер монастырының жа­нынан әрі қарай кеткені де, жүрмейтін же­рі жоқ ағайындарымыздың Орта Азия­дан жеткізіп мүлік-мүкәмал сата бастағаны да (о кезде бұқарлық саудагерлер әкелетін  әйел шәлілері сән еді), он сегізінші ғасырда Екатерина ІІ-жарлығымен Москвадағы Ақ қаланың қабырғалары қиратылып, оның орнына бульварлар сақинасы салынғаны да, сол ғасырда мұнаралар қаланың сәуле­тін­дегі айшықты белгіге айнала бастағаны да, дәулетті кісілер желеп-жебеп жүрсін деп үйінің дарбазасына арыстан суретін салып қоятын болғаны да, ақыр аяғында қанша жер­­ден кірес керіп тастасаң да ештеңеңе қа­ра­­майтын қарға шіркіннің Россия аста­на­­сының аспанында қаптап жүргені де... – бәрі-бәрі  бір шумақта тұнып тұр. Со­ның өзінде өлеңі жатық, төкпелеп, тө­гіліп келеді.
Мұндай мысалдарды романның кез келген жерінен ойып ала беруге бо­лады. Кейіпкерлердің мінезделетін тұ­с­тары қандай жатық шыққан!
Тағылау, мұңлы, бұйығы,
Нудың дәл үркек киігі,
Өссе де туған үйінде,
Бой жетті өгей күйінде.
Татьянаның осы сипатын түпнұсқадағы «Дика, печальна, молчалива, / Как лань лес­ная боязлива, /Она в семье своей род­ной/ Казалась девочкой чужой», деген жол­дардан бір де кем деп айтпас едік. «Сөзі бар шалқып өрілген, / Шашы бар бұйра төгіл­ген» Ленскийді де, «Көзде нұр көктен тамғандай,/ Толқын шаш зерге малғандай, /Жүргені кербез, қынай бел,/ Үніне  ұйыр  бы­лайғы ел» Ольганы да аудармашы ша­быт­тана кейіптеген. 
Татьяна, Таня, жарығым!
Жылаймын саған қосылып;
Әсемпаз жап-жас залымның
Қолына түстің, осыны ұқ,
деп қиналатын няня қандай әсерлі! 
Қ.Шаңғытбаевтың шын зергерлігі өлеңді алақанында ойнаттырады. Сезімнің небір нәзік сырларын қалтқысыз түсірген татаусыз тілге айызыңыз қанады.
Көріспек үшін әр күнім
Арналған сен тек адамсың;
Жіберді сені тәңірім,
Кіргенше көрге панамсың...
Түсімде болдың, жадымда,
Сыртыңнан қарап төзбедім,
Жүдетіп ғажап көздерің,
Жүрді ылғи үнің жанымда...

Тәуекел! Сенде – тағдырым,
Тапсырып түгел, табынам,
Сел қылып көзжас жаңбырын,
Қорғаным бол деп жалынам...
Абайдың  үздік үлгісінде дүниеге кел­ген бұл жолдар да шын асыл туындыға жа­­­тады. 
Қуандық Шаңғытбаев туындатқан «Онегин сипаты» ұлы ұстазбен жарасымды өнер жарысы десек, еш артығы жоқ:
Жасынан жалған жан еді,
Алатын ертіп еркіне,
Ағеден еді, паң еді,
Сендірер  демде дертіне.
Дәмесін бүккіш, қызғаншақ,
Біресе селқос, бірде сақ!
Томсара қалса, көз қандай,
Сөйлесе, жалын сөз қандай!
Осы айтылған мысалдардың бәрі де Қуандық Шаңғытбаев аударған екін­ші нұсқада өзінің алғашқы тәжіри­бесі­нен де, Ілияс Жансүгіров аудармасынан да көп ілгерілеу бар екенін анық аңғартады. Мы­на жайдың да басын аша айту керек: егер отызыншы жылдарда Пушкин рома­нын І.Жансүгіров аудармағанда, атақты туын­­дыны онан кейін Қуандық Шаңғы­т­баев елуінші жылдарда, жас кезінде қолға алмай, бұл жұмысқа ақындық шеберлігі ке­меліне келген сексенінші жылдарда бір-ақ кіріскен күннің өзінде нәтиженің мұн­дай болып шықпайтыны анық еді. Алғашқы екі аудармадағы кемшін тұстардың бәрінен де тағылым алғандықтан да Қуандық ақын осындай өрелі өнер үлгісін жасай білді деу жөн.
Пушкиннің «Евгений Онегин» романын ау­даруға бас-аяғы отыз жылдай өмірін жұм­­­­саған Қуандық Шаңғытбаев  осы еңбегі ар­қылы қазақ әдебиетіне үлкен олжа қосты. 
Мұзафар Әлімбаевпен кезінде бір пікір­лескенімізде: «Қуандық – аударманың клас­сигі»,  деген еді.
Осы сөз –  сөз.  

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
филология ғылымдарының докторы

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары