Испаниядағы Доностия халықаралық физика орталығы (DIPC) зерттеушілері Ғаламның соңы бұрын ойлағаннан ертерек болуы мүмкін деген қорытындыға келді. Бұл туралы Daily Mail материалын аударған деректерде айтылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ғалымдардың есептеуінше, Ғалам өз өмір сүруін Үлкен жарылыс басталғаннан кейін шамамен 33,3 миллиард жыл өткен соң аяқтайды. Қазіргі таңда Ғаламның жасы 13,8 миллиард жыл деп есептеледі, яғни оның «соңына» дейін шамамен 20 миллиард жылдай уақыт қалған.
Зерттеушілердің пікірінше, әлем Үлкен сығылу деп аталатын сценарий бойынша жойылуы мүмкін. Бұл жағдайда Ғаламның қазіргі кеңеюі бір сәтте кері бағытқа өзгеріп, галактикалар, жұлдыздар мен планеталар қайтадан бір нүктеге жиналады. Соның нәтижесінде Жер де, бүкіл Ғалам да жойылып, қара құрдымдарға жұтылуы ықтимал.
Ғалымдар соңында Ғалам алып қара құрдымдар жүйесіне айналуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
Жалпы, қазіргі ғылымда Ғаламның болашағына қатысты екі негізгі сценарий бар:
– ол шексіз кеңейіп, бірте-бірте «салқындап», бос кеңістікке айналады;
– немесе қайта сығылып, жоғары температуралы тығыз күйге өтеді.
Бұл нұсқалардың қайсысы жүзеге асатыны қара энергия деп аталатын құбылыстың күшіне байланысты.