Қытай ғалымдары қан қысымы мен ауыз қуысының жағдайы арасында байланыс барын анықтады. Зерттеу нәтижелері Frontiers in Dental Medicine журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Цзянсу провинциясының медициналық мекемелерінен 740 қарт науқас зерттеуге қатысты. Ғалымдар қатысушылардың гипертонияны қалай бақылайтынын, сондай-ақ олардың мазасыздық деңгейін, тамақтану жағдайын және ауыз қуысы функцияларының өзгерістерін зерделеді.
Зерттеу барысында қан қысымын дұрс қадағаламайтын науқастарда ауыз қуысы мәселелері жиі кездесетіні белгілі болды. Бұл жағдай шайнау, сөйлеу және ауыз қуысының өзге де қызметтерінің төмендеуімен сипатталады.
Ғалымдардың түсіндіруінше, гипертонияны бақыламау мазасыздыққа және тамақтану бұзылыстарына алып келеді, ал бұл екі фактор ауыз қуысы мәселелерінің пайда болу қаупін едәуір арттырады.
Сарапшылар гипертониясы бар қарт адамдарға көмек көрсету тек қан қысымын реттеумен шектелмеуі тиіс деп санайды. Мазасыздықты азайту және дұрыс тамақтануды қамтамасыз ету де емдеу жоспарының құрамдас бөлігі болуы керек. Осындай кешенді тәсіл қарт адамдардың ауыз қуысының денсаулығын сақтап, өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді.