Наурызнама онкүндігі аясында атап өтілетін Қайырымдылық күніне орай Павлодардағы 5512 әскери бөлімінің бастамасымен қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Игі іс-шараның басты мақсаты – мұқтаж жандарға қолдау көрсету және қоғамда мейірімділік пен жанашырлық құндылықтарын насихаттау.
Акция барысында әскери бөлімнің әскери қызметшілері белсенділік танытып, аз қамтылған отбасыларға арналған азық-түлік өнімдерін жинады. Әскери қызметшілер бұл бастаманы қолдап, қайырымдылық ісіне өз үлестерін қосты.
Жиналған азық-түліктер Павлодар қаласындағы орталық мешітке жеткізілді. Алдағы уақытта бұл көмектер мешіт арқылы әлеуметтік жағдайы төмен және көмекке мұқтаж отбасыларға таратылатын болады.
Мұндай қайырымдылық шаралары қоғамдағы өзара көмек пен жанашырлықты арттырып, адамдар арасындағы бірлік пен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Әскери қызметшілер ел қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, қоғамдағы әлеуметтік бастамаларға да белсенді қатысып келеді.
Наурызнама онкүндігі аясында ұйымдастырылып жатқан осындай игі шаралар ұлттық құндылықтарды дәріптеп, қайырымдылық пен адамгершілік қағидаларын кеңінен насихаттауға өз үлесін қосуда.