Оралда Ұлы Отан соғысының ардагері, 102 жастағы Вениамин Скаленко өз үйінде дауыс берді. Учаскелік комиссия мүшелері ардагердің үйіне арнайы барып, дауыс беруіне көмектесіп, барлық қажетті жағдайды жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Вениамин Пантелейұлы көшпелі комиссия мүшелерін ерекше құрметпен қарсы алды. Күннің маңызын айқындай түсу үшін пиджак киіп, рәсімге салтанатты түрде қатысты. Нұсқаулықтарды мұқият тыңдағаннан кейін бюллетеньге өз таңдауын белгілеп, оны көшпелі дауыс беру жәшігіне салды.
Ардагердің жауынгерлік жолы 98-гвардиялық әуе-десанттық Свирь дивизиясы құрамында басталған. Ол танкіге қарсы қорғаныс бөлімінде жауынгер ретінде Будапешт, Вена және Братислава қалаларын азат ету шайқастарына қатысқан. Бүгінде майдангердің денсаулығы жақсы. Ол биыл 102 жылдық мерейтойын қарсы алуға дайындалып жүр. Ардагердің айтуынша, ол референдумға елдің болашағы мен жас ұрпақ үшін қатысып отыр.
– Бүгін азаматтық борышымды орындағаныма көңілім орнықты. Барша қазақстандыққа денсаулық пен табыс тілеймін. Бейбітшілікті адамдар сақтайды. Ең басты жетістігіміз – осы тыныштықты бағалап, оны сақтай білу. Бейбіт өмірде халқымыздың тұрмысы да жақсара береді деп сенемін, – деді ардагер.
Ардагердің жары Ксения Федосеевна да жұбайын әрдайым қолдайтынын айтады. Оның сөзінше, әр дауыс маңызды. Ел үшін маңызды осындай саяси оқиғаға қатысу – тек құқық қана емес, үлкен жауапкершілік.
Жалпы өңірде бүгінде алты соғыс ардагері және 783 тыл еңбеккері тұрады.