Астана қаласы мәслихатының депутаты Мадина Ажикенова Мемлекет басшысының қатысуымен Астанада өткен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында елдің өңірлік дамуы мен жергілікті биліктің халық алдындағы жауапкершілігіне қатысты өзекті мәселелерді көтергенін айтады, , деп хабарлайды turkystan.kz.
"Елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумына қатысып, маңызды жиынның куәсі болдым. Ауқымды басқосуға Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, елдің өңірлік дамуы мен жергілікті биліктің халық алдындағы жауапкершілігіне қатысты өзекті мәселелерді көтерді.
Жиын барысында Мемлекет басшысы аймақтардың дамуы – елдің қуаты мен тұрақтылығының негізгі тіректерінің бірі екенін атап өтті. Өңірлердің әлеуетін көтеру, жергілікті басқару жүйесінің тиімділігін күшейту және халықпен тұрақты әрі ашық байланыс орнату мәселелері кеңінен сөз болды.
Форумда көтерілген негізгі мәселелердің бірі билік пен халық арасындағы ашық әрі түсінікті диалогтың маңызы дер едім. Президенттің айтуынша, азаматтардың өтініштері мен мәселелері ең алдымен жергілікті деңгейде қаралып, уақытылы шешімін табуға тиіс. Себебі кей жағдайда тұрғындар ең қарапайым мәселелер бойынша жауап ала алмағандықтан, орталыққа, тіпті тікелей Президентке жүгінуге мәжбүр болады.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы мәслихат депутаттарының халық пен билік арасындағы маңызды көпір екенін ерекше атап өтті. Депутаттар тұрғындардың мәселесін көтеріп қана қоймай, олардың шешілуіне ықпал етуі қажет. Аймақтардың дамуы мен халықтың билікке деген сенімі де осы жұмыстың сапасына тікелей байланысты екені айтылды.
Меніңше, бүгінгі форум жергілікті басқарудың маңызы бұрынғыдан да арта түскенін тағы бір рет көрсетті. Аймақтардың дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен емес, ең алдымен, халықтың күнделікті мәселесінің қаншалықты жедел әрі әділ шешілуімен өлшенеді. Сондықтан мәслихат депутаттары тек формалды өкіл емес, ел мен билік арасындағы сенімді байланысты қалыптастыратын тұлға болуға тиіс деп ойлаймын", – дейді депутат.